Биыл Қазақстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы заманауи технологиялармен ұштасқан ерекше форматта аталып өтті. Цифрлық шешімдер мен инновациялық жобалар дәстүрлі мерекенің мазмұнын жаңартып, оны жаңа деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Мерекелік алаңдарда ұлттық нақыштағы киіз үйлермен қатар заманауи цифрлық кеңістіктер, VR-аймақтар және жасанды интеллектке негізделген жобалар ұсынылды. Қатысушылар интерактивті технологиялардың көмегімен ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрлерді жаңа форматта танып-білу мүмкіндігіне ие болды.
Сонымен қатар ұлттық ойындардың да жаңаша үлгілері ұсынылды. Робототехника элементтері қолданылған «Robot күресі» және «робот-көкпар» турнирлері ұйымдастырылып, жастар мен технологияға қызығушылық танытқан көрермендердің ерекше назарын аударды.
Қалалық кеңістіктерде LED-туннельдер мен бейнеаватарлар орнатылып, мерекелік атмосфераны айшықтай түсті. Кейбір мерекелік алаңдарда ұлттық тағамдарды жеткізу үшін дрондар қолданылып, технология мен дәстүрдің үйлесімі көрсетілді.
Мерекелік бағдарлама аясында жастар мен жас ғалымдарға арналған инновациялық іс-шаралар да өткізілді. Олардың қатарында IT-мамандар мен стартаперлерге арналған хакатондар, стартап жобаларын таныстыруға бағытталған Baursaq Pitch алаңы, сондай-ақ жасанды интеллект тақырыбындағы арнайы интенсивтер ұйымдастырылды.
Осылайша, цифрлық форматта өткен Наурыз мерекесі ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологиялардың үйлесімін көрсетіп, мерекені кең ауқымды мәдени әрі инновациялық фестиваль деңгейінде өткізуге мүмкіндік берді.
