Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

Хусейн Хасанұлы – ұзақ жылдар этнос жастарын ынтымаққа ұйыстырған басшы

Этносаралық татулықтың мәні – адамдар арасындағы өзара құрмет, түсіністік және сенім. Әр халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне сыйластықпен қарау – бейбіт өмір мен ел бірлігінің кепілі.

Осы бағытта ел ішінде татулық пен достықты нығайтуға зор үлес қосып жүрген тұлғалардың бірі – Ранджибари Хусейн Хасанұлы. Ол ұзақ жылдар бойы өз өмірін білім беру саласына және этностар арасындағы бірлікті нығайту ісіне арнаған.


Білім мен тәрбие арқылы татулыққа бастау

Түркістан облысы, Арыс қаласындағы В. Комаров атындағы мектеп – қаладағы түрлі этнос өкілдерінің балалары білім алатын ерекше оқу ошағы. Ширек ғасырлық тарихы бар бұл мектепте бүгінде 20-ға жуық этнос жастары білім алады.
Олар ана тілдерімен қатар мемлекеттік тілді де еркін меңгеріп, қазақ тілінде еркін сөйлеп, елдің мәдени өміріне белсене араласып келеді.

Осы мектептің дамуы мен көпұлтты ұжымның ынтымағы – ұзақ жылдар мектеп директоры болған Хусейн Хасанұлының қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ол 40 жылдан астам уақытын ұстаздыққа, соның ішінде 25 жылға жуық уақытын мектеп басшылығына арнаған.
Қазіргі таңда да ол ұстаздық қызметін жалғастырып, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп келеді.


Этномәдени бірлестік – достық пен бейбітшіліктің діңгегі

Бүгінде Хусейн Хасанұлы Арыс қалалық Иран–Әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы ретінде де белсенді қоғамдық жұмыс атқарып келеді.

Бірлестік мүшелері Иран мен Әзірбайжан халықтарының мәдени мұрасын дәріптеу, ұлттық дәстүрлер мен тілдерді сақтау, сондай-ақ жастар арасындағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

Хусейн Хасанұлының бастамасымен ұйымдастырылатын мәдени-көркем бағдарламалар, қайырымдылық акциялары және жастарға арналған іс-шаралар этнос өкілдерінің өзара достығын, сыйластығын арттырып, Қазақстан халқы Ассамблеясының мақсат-міндеттерімен үндес жұмыстарды жүзеге асырып келеді.


Бейбіт өмір – ортақ құндылық

«Біздің этномәдени бірлестігіміз еліміздегі бірлік пен ынтымақтың нығаюына, тұрақтылықтың сақталуына өзіндік үлесін қосып келеді.
Әр этностың өз тілі мен салт-дәстүрін ұмытпай, өскелең ұрпаққа үйретуіне мүмкіндік болғаны – үлкен жетістік. Біз осыны өз жұмысымызда басты бағыт ретінде ұстанамыз», – дейді бірлестік төрағасы Ранджибари Хусейн Хасанұлы.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – ел дамуына адал еңбек етіп жүрген әрбір жанның еңбегін бағалау мен ынталандырудың айғағы. Осы тұрғыда Хусейн Хасанұлы сынды ұстаздар мен этноқоғам қайраткерлерінің еңбегі ел бірлігін нығайтып, жас ұрпаққа өнеге болып келеді.

Ұқсас жаңалықтар

Официальный визит Президента Касым-Жомарта Токаева в Китайскую Народную Республику завершился

admin

Жастар практикасы: 2025 жылы 21,5 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды

admin

Былтыр еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға шамамен 2,8 млн адам барған

admin

Пікір жазу