Оңтүстік өңірінде биылғы жылыту маусымы 15 қазанда ресми түрде басталатыны белгілі. Осыған орай Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаевтың төрағалығымен кезекті апталық аппараттық жиын өтіп, онда ауданның қысқы маусымға дайындығы мен қауіпсіздік шаралары талқыланды.
Жиында аудан аумағындағы мемлекеттік мекемелер, әлеуметтік нысандар және жеке тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы, сондай-ақ «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында өрт қауіпсіздігі мен газдан уланудың алдын алу бағытындағы жұмыстардың барысы пысықталды.
Аудан бойынша 22 мыңға жуық жеке тұрғын үй және 150-ден астам мемлекеттік-әлеуметтік нысан бар. Аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері «Газ инспекциясы» және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан барлық тұрғын үйлер мен мекемелердің жылыту жүйелеріне егжей-тегжейлі тексеру жүргізілді. Мониторинг қорытындылары жиын барысында баяндалды.
Жауапты мекеме басшыларының мәліметінше, бірқатар білім беру және медицина мекемелерінде, сондай-ақ мыңнан аса жеке тұрғын үйде жылыту жүйелері мен қауіпсіздік талаптары толық көлемде сақталмаған. Газ жабдықтарын пайдалану ережелерін бұзу, желдету жүйелерінің жеткіліксіздігі, пештердің техникалық жағдайына қатысты олқылықтар анықталған. Сонымен бірге бірқатар кәсіпкерлік нысандарында да газ және өрт қауіпсіздігі бойынша кемшіліктер бар екені айтылды.
Аудан әкімі Асқар Естібаев тұрғындардың өмірі мен денсаулығы – басты міндет екенін ерекше атап өтті. Ол жауапты бөлімдерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, әрбір тұрғынға қауіпсіздік талаптарының маңызын жеткізуді тапсырды. Сонымен қатар мектептердегі анықталған кемшіліктер бойынша тиісті бөлім басшыларына қатаң ескерту жасалып, олқылықтардың дереу жойылуын талап етті.
Аппараттық кеңес барысында жер қойнауын заңсыз пайдаланудың алдын алу шаралары және аудан аумағындағы көшелерді жарықтандыру жағдайы да қаралды. Ауданда қазіргі таңда жер қойнауын пайдаланушы 14 мекеме бар: оның 10-ы келісімшарт негізінде, 4-і лицензия арқылы жұмыс істейді.
Жыл басынан бері жүргізілген 35 рейд барысында 17 заңсыз жер қазу фактісі анықталған. Олар бойынша құзырлы органдарға хабарлама жолданып, әкімшілік хаттамалар толтырылған. Нәтижесінде жалпы сомасы 9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру сапасына әсер ететін маңызды мәселе — көшелерді жарықтандыру жағдайы да назардан тыс қалмады. ТҮКШ бөлімі жүргізген мониторинг нәтижесінде аудан аумағындағы 9303 жарықшамның 477-сі істен шыққаны анықталған. Бүгінгі күні олардың 70 пайызы ауыстырылып, қалған бөлігін жөндеу жұмыстары алдағы күндері аяқталмақ.
Ауданда барлығы 464 көше бар болса, оның 155-інде жарықтандыру орнатылмаған. Бұл бағыттағы жұмыс кезең-кезеңімен жалғасып, келесі жылы облыстық бюджет және жергілікті қазына есебінен көшелерді жарықтандыру қарқынды жүргізілмек.
Жиын қорытындысында аудан әкімі барлық деректі мекемелерге жылу маусымына толық дайындықты қамтамасыз етуді, тұрғындардың қауіпсіздігіне қатысты талаптарды қатаң орындауды және анықталған кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды.
