Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

БАЛАНЫҢ ҚАУІПСІЗ ОРТАСЫ – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

Бүгін Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов Шардара ауданына арнайы іссапармен келіп, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған кеңейтілген жиын өткізді.

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, арнаулы орта оқу орындарының және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиын барысында қатысушылар «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы аясында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, түнгі уақытта ата-анасының ертуінсіз тұрғын үйден тыс жүруге тыйым салу, компьютерлік ойынханалар мен қоғамдық орындардағы бақылауды күшейту мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік, күш көрсету, өз-өзіне қол жұмсау (суицид) және ерте жүктілік сияқты әлеуметтік өзекті проблемалардың алдын алу шаралары қаралды. Бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтау және олармен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударылды.

Өз сөзінде облыс прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов:

«Балалардың өмір қауіпсіздігі мәселесі ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс. Бейбіт елде әр бала бақытты болуға, қауіпсіз ортада өсіп-өркендеуге, дамуға және өмір сүруге құқылы. Біздің бүгінгі кездесуіміз – осы мақсатқа жетудегі маңызды қадам. Ата-аналар мен ұстаздардың бала болашағына деген жауапкершілігін арттыруымыз керек», – деп атап өтті.

Жиын соңында ұстаздар мен мамандар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер тыңдалып, нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, мектеп директорлары мен психолог мамандарға, сондай-ақ ювеналды полиция инспекторларына оқушылармен профилактикалық жұмысты күшейту міндеттелді.

Берілген тапсырмалардың орындалу барысы бір айдан соң қайта қаралып, нақты нәтижелері зерделенетін болады.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ТІГІЛГЕН СӘУКЕЛЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕКОРДТАР КІТАБЫНА ЕНДІ

admin

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері «Медеу» спорт кешеніне барды

admin

Қазақстанда 30 мың ШОБ жобасына 1,7 трлн теңгеге қолдау көрсетіледі

admin

Пікір жазу