Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Жаңалықтар

БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІ – БАРШАҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

«Үлкен қылмыс — ұсақ құқық бұзушылықтан басталады» деген ұстаным қоғам өміріндегі тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығын айқындайды. Қазіргі таңда ел аумағында кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс фактілерінің көбеюі — олардың бос уақытын тиімді ұйымдастырмаудың, отбасылық және тәрбиелік бақылаудың әлсіреуінің салдары екені анық.

Осы мәселелердің алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов Жетісай ауданына арнайы іссапармен келіп, кеңейтілген жиын өткізді. Іс-шараға мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, құқық қорғау органдарының өкілдері, арнаулы орта оқу орындарының және қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысты.

Жиында «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясының алгоритмі негізінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, түнгі уақытта ата-анасының ертуінсіз тұрғын үйден тыс жүруге тыйым салу, компьютерлік ойынханалар мен қоғамдық орындарда болуға шектеу қою, сондай-ақ әлімжеттік, зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол жұмсау (суицид) және ерте жүктілік фактілерін болдырмау бағытындағы іс-шараларды жетілдіру мәселелері қаралды.

Сондай-ақ, бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын ата-аналарды анықтау, олармен жүйелі түрде профилактикалық жұмыс жүргізу, мектеп пен ата-ананың өзара байланысын күшейту жолдары талқыланды.

Облыс прокурорының орынбасары Дәулет Бекбашұлы Тлемисов жиын барысында:

«Балалардың өмір қауіпсіздігі — мемлекет пен қоғамның басты міндеті. Әр бала бейбіт елде бақытты болуға, қауіпсіз ортада өсіп, еркін дамуға және сапалы білім алуға құқылы. Біз ата-аналар мен ұстаздардың бала болашағына деген жауапкершілігін арттыруымыз қажет. Бұл — қоғамның тұрақтылығы мен елдің ертеңіне салынған инвестиция», — деді.

Кездесу барысында қатысушылар өз пікірлерін ортаға салып, нақты ұсыныстар білдірді. Прокуратура өкілдері ювеналды полиция инспекторлары мен мектеп психологтарына оқушылармен жеке жұмыс жүргізуді, олардың мінез-құлқы мен әлеуметтік ортасына тұрақты талдау жасауды тапсырды.

Жиын соңында берілген тапсырмалардың орындалу барысы бір айдан кейін қайта қаралып, атқарылған жұмыстардың нәтижесі зерделенетін болды.

Ұқсас жаңалықтар

2024 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,8% құрады — Олжас Бектенов

admin

ШАРДАРА ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА «ЕҢБЕКШІЛЕР» САЯБАҒЫ АШЫЛДЫ

admin

Қазақстанда 30 мың ШОБ жобасына 1,7 трлн теңгеге қолдау көрсетіледі

admin

Пікір жазу