Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Харбин-2025 IX Қысқы Азия ойындарында медаль жеңіп алған спортшылармен кездесті. Елордалық команда спорттың 5 түрінен сынға түсті. Олар – шайбалы хоккей, шорт-трек, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау және керлинг.
Кешенді жарыста елорда құрамасының спортшылары 6 медаль жеңіп алды: екі алтын медаль, үш күміс және бір қола.
Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарында 5000 метрлік эстафетада жеңіске жетті! Осылайша олар елімізге алғашқы тарихи алтын медаль сыйлады! Чемпиондық команда құрамында Астанадан аттанған үш спортшы – Әділ Ғалиахметов, Айбек Насен және Абзал Әжіғалиев өнер көрсеткені біз үшін ерекше мақтаныш.
Кездесуде спортшылармен және жаттықтырушылармен бірлесіп, алдағы жұмыстар талқыланды. Өз кезегінде Жеңіс Махмудұлы әкімдік тарапынан көмек көрсету ары қарай да жалғасатындығын айта келіп, спортшыларға жаңа жеңістер мен жетістіктер тіледі.