Мен 35 жыл құқық қорғау саласында еңбек етіп, кейін адвокатура мен азаматтық қоғамда, атап айтқанда «Парасатты Қазақстан» бірлестігі мен ҚР ПІБ-на қарасты «Парламентаризм институтында» сарапшы ретінде қызмет атқардым. Сондықтан заңның әрбір әрпі мен реформалардың халық тағдырына қалай әсер ететінін кәсіби тұрғыдан жақсы түсінемін.
Бүгінгі референдумға дайындық кезеңінде Төлеби аудандық коалициясының жетекшісі ретінде «Әділетті және прогрессивті Қазақстан Халқының Конституциясы үшін» атты ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын бірлесе жүргіздік. Ауданымыздың әрбір ауылын аралап, мыңдаған адаммен жүздестік. Сол кездесулерде халықтың ел ертеңіне деген үмітін, мемлекет тағдырына деген жауапкершілігін анық сезіндім.
Төлебиліктер – еңбексүйгіш, патриот және мемлекетшіл халық. Бүгін мен сол азаматтардың бірі ретінде өз таңдауымды туған ауылымдағы учаскеде жасадым.
Бұл күн мен үшін ерекше мәнге ие болды. Мен дауысымды 86 жасқа жуырда ғана толған анам Раушан Полатқызымен бірге және ауылдастарыммен бірге бердім. Аға буынның ақ батасы мен кейінгі ұрпақтың үміті тоғысқан осындай сәтте ел болашағы үшін жауапкершілікті терең сезіндік.
Бұл – жай ғана дауыс беру емес. Бұл – әділетті қоғам құру жолындағы нақты қадам. Референдум нәтижесі еліміздің тұрақтылығы мен прогрессивті дамуына жаңа серпін беретініне толық сенемін.
Мен өз таңдауымды жасадым. Бұл – тұрақтылық пен дамудың таңдауы.
Анамның батасымен жасалған таңдау — ел болашағына деген нық сенім.
