Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
ЖаңалықтарЭкономика

2025 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ САЛАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы жүйелі жұмыстар айтарлықтай нәтижеге жетті. Облыс әкімдігі мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірлескен күш-жігерінің арқасында өңірде еңбек нарығы тұрақталып, жаңа жұмыс орындары құрылды. 2025 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша облыстағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрап, жастар арасындағы жұмыссыздық 1,8%, ал әйелдер арасында – 5,4% деңгейінде болды. Бұл көрсеткіштер өңірдегі еңбек ресурстарын тиімді пайдалану мен кәсіпкерлікті қолдаудың айқын нәтижесі болып отыр.

2025 жылы халықты жұмыспен қамтуға арналған «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» іске қосылып, 130 769 азаматты еңбекпен қамтуға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылды. Оның ішінде 45 086 адам субсидияланған жұмыс орындарына орналастырылды, ал 57 221 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасын орындау аясында 22 595 адам кәсіпкерлікке тартылып, жаңа бизнес жобаларды іске асыру арқылы жұмысқа орналастырылды. Бұдан бөлек, 1 793 азаматқа грант беріліп, өз кәсібін ашуға мүмкіндік жасалды, 4 074 адам электрондық еңбек биржасы арқылы жұмыспен қамтылды.

Осы шаралардың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 147 719 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 48 032 азамат мемлекеттік жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы жұмысқа орналасса, 99 687 адам жаңа жұмыс орындарына орналасты. Бұл көрсеткіштер еңбек нарығының белсенділігін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестің айқын дәлелі болып отыр.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік шаралар да тиімді жүзеге асырылды. 2025 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 62 244 адам қамтылып, жалпы көлемі 6,1 млрд теңге қарастырылды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 34,4% төмендеді, бұл халықтың табысының артуына және өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейінің жақсарғанына байланысты. 2026 жылы АӘК алушылар санын 59,1 мың адамға жеткізу жоспарланып, бұл мақсатқа 6,5 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, өңірде 17 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп, 6 667 азаматқа әлеуметтік қызмет көрсетілді.

Түркістан облысы еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік қамтамасыз етуді қамтамасыз етуге ерекше мән береді. Өңірдегі кәсіпорындарда жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, еңбекті заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру, жұмысшылардың әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе өндіріс орындарында еңбек қатынастарын реттеу, жұмысшыларды әлеуметтік қолдаумен қамту, бос жұмыс орындарын мансап орталықтары арқылы толықтыру мәселелері күн тәртібінде тұр.

Бұдан бөлек, 2025 жылы облыста 1 107 бірлік квота бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат берілді. Бұл өңірдегі кәсіпорындардың кадр тапшылығын жоюға, өндіріс көлемін ұлғайтуға және еңбек нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Түркістан облысының әкімдігі шетелдік жұмысшыларды тарту барысында олардың құқықтары мен еңбек жағдайларын сақтау шараларын қамтамасыз етуде.

Ауылдық аумақтардағы жұмысқа тарту жұмыстары да назардан тыс қалмай отыр. Өңір халқының 74,6% ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, ауыл шаруашылығы саласында және агроөнеркәсіп кешенінде жаңа жұмыс орындары ашылды. Мысалы, 2025 жылы 158,3 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, салаға 8,9 млрд теңге инвестиция тартылды. 2026 жылы өнім көлемін 166,3 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жұмысшылар үшін тұрақты жұмыс көздерін қамтамасыз етіп, өңірдегі әлеуметтік тұрақтылыққа үлес қосады.

2025 жылы өңірде кәсіпкерлікті дамыту және өндірістік секторда жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылды. Нәтижесінде 8 340 жаңа жұмыс орны құрылды. 2026 жылы жалпы құны 444 млрд теңгеге 66 жоба жүзеге асып, 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашу жоспарлануда. Бұл бастамалар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға және «Еңбек адамы» бейнесін танымал етуге бағытталған.

Халықтың табысын арттыру бағдарламалары да бірқатар әлеуметтік бастамалармен байланысты жүзеге асып жатыр. «2029 жылға дейінгі халықтың кірісін арттыру бағдарламасы» аясында өңірде тұрақты жұмыс орындарын ашу, еңбекақыны арттыру, кәсіби дайындық пен кадрларды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, мансап орталықтары арқылы бос жұмыс орындарын толықтыру, жастар мен әлеуметтік осал топтарды жұмысқа тарту бойынша арнайы бағдарламалар іске асырылуда.

Сонымен қатар, «Келешек» біріңғай ерікті жинақтау жүйесі аясында жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуын күшейту, еңбек ақыға қосымша жинақтар жасау, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында шаралар қабылдануда. Бұл жүйе жұмысшы мамандықтарының құндылығын арттыруға, еңбексүйгіштікке тәрбиелеуге және халықтың қаржылық мәдениетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Облыста кадрларды даярлау саласында жаңа модельдер енгізілуде. Әр түрлі салалар бойынша мамандар даярлау, оқу орындары мен өндіріс орындарының байланысын нығайту, жастарды еңбекке баулу, жұмысшы мамандықтарын насихаттау жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл еңбек нарығында қажетті кадрларды дайындауға, өндірістік салаларды дамытуға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсуге жол ашады.

2025 жылы орташа айлық жалақы 288,6 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,3% өскен. Бұл көрсеткіш еңбек өнімділігінің артуы, кәсіпорындардың экономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы және жұмыспен қамту шараларының тиімділігін айқын дәлелдейді.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жұмыс орындарын көбейту, тұрғындардың табысын арттыру және әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру арқылы жүзеге асырылуда. 2026 жылы Түркістан облысында халықты жұмыспен қамтуға арналған 77 инвестициялық жоба іске асырылып, 1 136 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға 180 квота бойынша жұмыс орындары ұсынылады.

Түркістан облысының тәжірибесі еңбек саласындағы саясатты дамыту, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік қорғауды күшейту және халықтың кірісін тұрақты арттыруға бағытталған кешенді шаралардың нақты мысалы болып табылады. Мұндай жүйелі жұмыс өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтап, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

Облыстағы жұмыспен қамту саясаты тек жұмыс орындарын ашу емес, сонымен қатар әр азаматтың еңбек құқықтарын қорғау, кәсіби дамуына жағдай жасау, әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету және еңбек мәдениетін нығайту бағытында жүргізілуде. Түркістан облысы осы тәжірибені ары қарай кеңейтіп, еліміздің басқа өңірлеріне үлгі бола алады.

Ұқсас жаңалықтар

Астана қаласының әкімі спортшылармен кездесті

admin

ШІРКЕЙГЕ БӨЛІНГЕН 1, 4 МЛРД АУАҒА КЕТТІ МЕ?

admin

Түркістан облысының ауылдарында тегін медициналық көмек көрсетілуде

admin

Пікір жазу