Түркістан қаласында VIII республикалық «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, облыс намысын абыроймен қорғаған спортшыларды жеңісімен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Бұл дүбірлі додаға өңірімізден 200-ге жуық спортшы қатысып, спорттың 20 түрінен бақ сынады. Тартысты өткен жарыс қорытындысында Түркістан облысы 498 ұпай жинап, жалпыкомандалық есепте І орын иеленді. Облыс құрылғаннан бері қатарынан екінші рет жеңімпаз атанып отыр. Яғни осыған дейін Маңғыстауда өткен жарыста да бірінші орынды иеленген болатын. Бұл – өңірімізде бұқаралық спорттың жүйелі түрде дамып келе жатқанын, спорт инфрақұрылымының нығайып, ауыл-аймақтарда дене шынықтырумен айналысатын тұрғындар санының артып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай жоғары нәтиже – спортшыларымыздың табанды еңбегінің, бапкерлердің кәсіби шеберлігінің және жергілікті атқарушы органдардың спорт саласына көрсетіп отырған қолдауының жемісі, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Марапаттау рәсімінде аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, дәстүрлі садақ ату, тоғызқұмалақ, көкпар, қол күресі, кикбоксинг, жекпе-жек, қазақ күресі, волейбол (ерлер), үстел теннисі, гір спорты, бес асық секілді спорт түрлері бойынша жүлделі орын иеленген спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды.
Айта кетсек, Алматы облысында ауыл спортын дамыту және бұқаралық спортты насихаттау мақсатында VIII республикалық «Ақ бидай» ауыл спорт ойындары өткен болатын. Әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын бұл дәстүрлі додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген ауыл спортшылары 20 спорт түрі бойынша бақ сынады. Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, медальдар және кубоктар табыс етілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі