Шымкентте жастар үшін өндірістік экскурсия ұйымдастырылдыШымкент қаласында жұмысшы жастарға арналған кәсіби бағдарлау шарасы өтті. Оңтүстік индустриалды аймағына ұйымдастырылған экскурсия барысында қатысушылар өңірдегі ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өндіріс орындарын аралады, деп жазады «Шымкент келбетіне» сілтеме жасаған balmedia.kz.
Жастар «BAL textile», «AZALA textile» және «Shymkent qagazy» сияқты кәсіпорындарға барып, олардың мүмкіндіктері мен өндіріс процестері жайлы мәлімет алды. Сонымен қатар, зауыт қызметкерлерімен еркін диалог құрып, олардың тәжірибесі мен жұмыс ерекшеліктері жайлы сұрап білді.
Бұл шара Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы жастар жылы аясында ұйымдастырылды. Форум жастарға кәсіби даму мен еңбек нарығында өз орнын табуға көмектесетін маңызды алаңға айналды.
Экскурсияға қатысушылар өндірістің заманауи технологиялармен жабдықталғанына, еңбек қауіпсіздігіне және жұмысшыларға жасалған жағдайларға ерекше назар аударды. Кәсіпорын өкілдері өндіріс саласындағы сұранысқа ие мамандықтар, тәжірибеден өту мүмкіндіктері және болашақта жұмысқа орналасу туралы да ақпарат берді.
Форум аясында ұйымдастырушылар жастарды өндірістік салаларға тарту және олардың кәсіби дамуын қолдау бағытында түрлі іс-шаралар жалғасатынын мәлімдеді.