Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Шымкент

​ШЫМКЕНТТЕ ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚ ҮШІН МАҢЫЗДЫ БАСТАМА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

​Бүгін Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры – ЮНИСЕФ ұйымдастырған Волонтерлер мектебі ресми түрде ашылды. «Балалар мен жастардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін» атты кездесулер сериясының алғашқы шарасына әлеуметтік, экологиялық жобаларда белсенді 500-ден астам жас қатысты. Шымкент қаласы әкімінің м.у.а. Айдын Кәрімов, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл қатысып, жастарға жылы лебізін білдірді.

– Қоғамда белсенді, жанашыр, өз болашағына бейжай қарамайтын жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Волонтерлік — бұл тек көмек беру ғана емес, бұл – сана-сезім, жауапкершілік пен азаматтық борыш.
ЮНИСЕФ бастамасы жастардың бойындағы осы қасиеттерді ашуға сеп болмақ, – деді Айдын Кәрімов.

Сонымен қатар, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілінің орынбасары Летисия Баззи-Вейл өз сөзінде бұл бастама тек волонтерлікті дамыту емес, жастардың қоғамға араласу мүмкіндігін кеңейту екенін атап өтті.

– Балалар мен жастардың құқығын қорғау – біздің ортақ мақсатымыз. Қазақстанның түкпір-түкпірінде ашылған Волонтерлер мектебі жастардың өз дауысын естіп, нақты әрекетке көшуіне мүмкіндік береді. Шымкенттегі бұл кездесу сол ұзақ жолдағы сенімді қадам, – деді.

Ал, Ғани Бесбаев жастарға бағытталған мұндай бастамалардың білім беру жүйесімен тығыз байланысы болуы қажет екенін айтып, университет жастар бастамаларын әрдайым қолдайтынын білдірді.

Шара аясындағы бағдарламалар жастарға бағытталған тәжірибелік әрі танымдық сипатта өтті. Интерактивті пікірталастар, волонтерлердің шынайы оқиғаларымен танысу, экологиялық және әлеуметтік бастамаларды әзірлеу, шеберлік сабақтары, азаматтық ұстанымды қалыптастыру бағытындағы тренингтер және қызықты квиздер ұйымдастырылды.

Балалар мен жастар арасындағы сын-қатерлер талқыланып, тың идеялар мен экологиялық мәселелер қарастырылды.

Айта кетейік, бұған дейін ЮНИСЕФ Волонтерлер мектептері Ақтау мен Астанада ашылса, алдағы уақытта Алматы, Көкшетау және Семей қалаларында қолға алынатын болады. Жалпы 2020 жылдан бері Қазақстанда 10 000-нан астам жас ЮНИСЕФ волонтері атанды. ЮНИСЕФ-тің волонтерлер қозғалысы бүкіл әлем бойынша 10 миллионнан астам адамды біріктіреді.

Ұқсас жаңалықтар

Происшествия на дорогах: статистика, факты и пути решения

admin

ШЫМКЕНТТЕ ҚХА МҮШЕЛЕРІ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА 532 ОҚУШЫҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

admin

Шымкентте полицейлер оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді

admin

Пікір жазу