2025 жылдың 26–28 тамызы аралығында Шымкент қаласы аумағында «Құқықтық тәртіп» атты кең ауқымды жедел профилактикалық іс-шара ұйымдастырылуда.
Бұл шараны өткізуге құқық қорғау органдарының барлық құрылымдары жұмылдырылып, қаладағы қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылық деңгейін төмендету және қала тұрғындарының құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полиция қызметкерлері халық көп жиналатын орындарда, саябақтарда, сауда орталықтарында, көше бойларында және түнгі уақытта күшейтілген тәртіпте патрульдік қызмет атқаруда. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін болдырмау, құқық бұзуға бейім тұлғаларды анықтап, оларға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізу, әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, құқықбұзушыларды жауапқа тарту, іздеуде жүрген тұлғаларды анықтау, тұрғылықты жері бойынша тіркелмеген азаматтарды анықтау және қоғамдық орындар мен жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылау – шара аясындағы негізгі бағыттар болып табылады.
Құқық қорғау органдары қала тұрғындары мен қонақтарын заң талаптарын бұлжытпай орындауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және өзара сыйластықты ұстануға шақырады. Қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылық – ортақ игілік. Сол себепті де, тәртіпке бағыну – тек заң талабы ғана емес, азаматтық парыз. Бұл шара – құқықбұзушылықты азайтып, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі.
Жедел профилактикалық жұмыс барысында полиция қызметкерлері тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың құқықтары мен міндеттері жайлы ақпарат беріп, заңнама талаптарын сақтаудың маңыздылығын ескертіп отыр.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы – құқық бұзушылықтың алдын алып қана қоймай, тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған кешенді жұмыс. Мұндай бастамалар арқылы азаматтар өз құқықтары мен міндеттерін тереңірек түсініп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үлес қосады.
Іс-шара мерзімі: 26 – 28 тамыз 2025 жыл.
Ұйымдастырушы: Шымкент қаласының Полиция департаменті.