Шымкент қаласында тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру және қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында демеушілік қолдаумен 40 жаңа субұрқақ салу жоспарланған. Қазіргі уақытта оның 15-і толық іске қосылып, халық игілігіне берілді. Бұл жобалар қаланың көркін арттырып, тұрғындардың демалуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Алайда, қала инфрақұрылымын дамытуға бағытталған осы бастамаларға кейбір азаматтар тарапынан немқұрайлы көзқарас пен жауапсыздық байқалуда. Мәселен, субұрқақтарға әдейі зақым келтіру, қоқыс тастау секілді әрекеттер инженерлік жүйелердің істен шығуына, сондай-ақ қаланың көркіне нұқсан келуіне әкелуде. Мұндай әрекеттердің салдары — нысандардың мерзімінен бұрын жарамсыз болуына, қосымша жөндеу шығындарының туындауына және қаланың эстетикалық құндылықтарының төмендеуіне әкеледі.
Бұл жағдайлар қоғам үшін ғана емес, әрбір азамат үшін де үлкен өкініш тудыруы мүмкін. Қоғамдық орындар — бәрімізге ортақ, сондықтан оларды сақтау және күту — біздің ортақ міндетіміз. Егер әрбір тұрғын өз қаласының көркеюі мен тазалығына жауапты болып, қоғамдық мүлікті сақтауға ұмтылса, бұл тек қалаға ғана емес, тұрғындардың өзіндік мәдени деңгейіне де ықпал етеді.
Қоғамдық нысандарды қорғау — тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. Тек бірлесіп, ынтымақтаса отырып, біз қала инфрақұрылымын сақтап, оның әсемдігі мен функциялдығын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе аламыз. Қала тазалығының сақталуы мен қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі — біздердің біртұтас жауапкершілігіміз. Әрбір жасалған қадам, әрбір қамқорлық — Шымкенттің жарқын болашағына қосылған үлес болып табылады.
Егер сіз вандализм әрекеттеріне куә болсаңыз немесе қаладағы қоғамдық нысандарға зиян келтіріліп жатса, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарласуыңызды сұраймыз. Бұл әрекет арқылы сіз қала тазалығына және тұрғындардың қауіпсіздігіне үлес қосып, заңды бұзушыларды жауапкершілікке тартуға көмектесе аласыз.
Баршамыздың ортақ мүддеміз — қала көркі, қауіпсіздігі мен тазалығы. Оны сақтауға әрқайсымыз жауаптымыз!