Қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен азаматтардың заңға құрметпен қарауына, тәртіпті сақтауға және өз жауапкершілігін сезіне білуіне тікелей байланысты. «Заң және тәртіп» ұғымдары – мемлекеттің тірегі ғана емес, қоғамның мәдени деңгейін айқындайтын негізгі көрсеткіш. Әрбір адамның заңды құрметтеуі, өз іс-әрекетінің салдарын түсінуі – дамыған, өркениетті қоғамның басты белгісі.
Құқықтық мәдениет пен азаматтық сана бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Азаматтық сана – адамның қоғам алдындағы борышын сезінуі, ортақ мүддені қорғауға атсалысуы, ал құқықтық мәдениет – сол сананы іс жүзінде жүзеге асыратын тетік. Заңды білу, оны орындау және құрметтеу – қоғамның өркендеуі мен әділеттің орнауына жол ашады. Әділетсіздік пен заңсыздыққа бейжай қарау – қоғамдағы тұрақтылықты бұзатын ең үлкен қатер. Сондықтан әрбір азаматтың санасында «заң бәрінен биік» деген түсінік берік орнығуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында және стратегиялық бастамаларында «Заң және тәртіп» қағидатын ерекше атап өтеді. Бұл бағыт елдегі реформалардың өзегіне айналып отыр. Заң үстемдігі – Әділетті Қазақстан құрудың басты шарты. Тәртіп сақшыларының, құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру, қоғаммен өзара ашық байланыс орнату, әділетсіздікке жол бермеу – қазіргі заманның талабы. Бірақ тек мемлекеттік құрылымдардың күшімен ғана әділ қоғам қалыптаспайды. Ол үшін әрбір азамат өзінен бастап заңға бағынуы керек.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – тек бақылау мен жазалауға негізделмеген жүйе. Ол – сенім мен өзара жауапкершілікке сүйенетін азаматтық мәдениет. Тәртіп сақталған жерде ғана тыныштық пен тұрақтылық орнайды, ал тұрақтылық бар жерде даму мен өркендеу болады. Тәртіптің негізгі бастауы – отбасынан басталып, мектептен жалғасып, қоғамда бекемделеді. Баланың бойына кішкентайынан адалдық, шыншылдық, әділдік пен жауапкершілік ұғымдарын сіңіру – болашақ азаматтың құқықтық мәдениетінің іргетасы.
Қазіргі қоғамда азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды міндеттердің бірі. Құқықтық білімсіздік кей жағдайда заң бұзушылыққа немесе өз құқығын қорғай алмауға әкеледі. Сол себепті мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының және қоғамдық ұйымдардың үйлесімді жұмысы қажет. Азаматтардың құқықтық білімін арттыру бағытында арнайы бағдарламалар, түсіндіру науқандары мен ашық диалог алаңдары ұйымдастырылуда. Бұл бастамалар қоғамның құқықтық мәдениетін нығайтып, заң мен тәртіпке құрметті қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қоғамда тәртіпті сақтау үшін ең алдымен сенім орнауы қажет. Мемлекет пен азамат арасындағы сенім – кез келген реформаның табысты болуының кепілі. Егер азамат өз құқығының қорғалатынына және әділ шешім шығатынына сенсе, ол заңға қарсы әрекетке бармайды. Бұл ретте сот және құқық қорғау жүйесінің әділдігі мен ашықтығы үлкен рөл атқарады. Әділетсіз шешім мен бейтарапсыз көзқарас халықтың сенімін жоғалтады, ал сенімсіздік – тәртіптің ең үлкен жауы.
Сондықтан құқықтық саясаттың басты мақсаты – тек жазалау емес, алдын алу, түсіндіру және тәрбиелеу. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жергілікті полиция қызметі, әкімдіктер мен қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істеуі қажет. Азаматтар өз ортасында заң бұзушылыққа төзбеушілік ұстанымын қалыптастырса, ол қоғамда өзіндік тәртіп жүйесін орнатады. Төзбеушілік мәдениеті – құқықтық сананың жоғары деңгейінің айғағы.
Заманауи қоғамда «тәртіп» ұғымы тек қоғамдық орында ғана емес, цифрлық кеңістікте де өзекті мәнге ие болды. Әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде жалған ақпарат тарату, жеке тұлғаға тіл тигізу, кибербуллинг сияқты құқық бұзушылықтар жаңа сипаттағы қауіпке айналып отыр. Осы орайда цифрлық мәдениет пен ақпараттық жауапкершілік – жаңа дәуірдің басты тәртібі саналады. Әрбір азамат онлайн кеңістіктегі әрекетінің де заңдық салдары бар екенін түсінуі керек.
Құқықтық мәдениеттің тағы бір қыры – сыбайлас жемқорлыққа қарсы сана қалыптастыру. Бұл бағытта мемлекет нақты шаралар қабылдап, бақылау мен ашықтық жүйесін күшейтуде. Дегенмен, жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы – азаматтардың адалдық пен әділдік қағидатын өз өмірінің негізіне айналдыруында. Әрбір азамат заңды бұзбай, өз ісін әділдікпен атқарса ғана қоғамда шынайы тәртіп пен сенім орнығады.
Азаматтық жауапкершілік – қоғамды біріктіретін күш. Әрбір адамның өз ісіне, сөзіне және қоғам алдындағы міндетіне адалдығы құқықтық мәдениеттің көрінісі болып табылады. Адам өз міндетін орындап, өзгенің құқығын сыйласа, ол қоғамдағы тұрақтылық пен үйлесімнің сақталуына үлес қосады. Бұл қағида кез келген мемлекеттің ілгерілеуіне жол ашады.
Қазіргі таңда елімізде «Қауіпсіз қоғам», «Тәртіпті ел – тұрақты мемлекет» сияқты бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалардың барлығы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, тәртіп пен заңға бағыну дәстүрін орнықтыруға бағытталған. Мемлекет тарапынан қабылданған реформалардың нәтижелі болуы үшін қоғамның әр мүшесінің белсенді қатысуы маңызды.
Қоғамды заң мен тәртіп бұзушылыққа қарсы қалыптастыру – ұзақ әрі үздіксіз процесс. Бұл – тек полиция немесе сот жүйесінің міндеті емес, барша азаматтың ортақ жауапкершілігі. Құқықтық мәдениеті жоғары, азаматтық санасы биік елде тұрақтылық пен әділеттілік орнайды. Заң үстемдігіне негізделген қоғам – өз халқының қауіпсіздігі мен болашағына сенімді мемлекет.
Қорытындылай келе, заң мен тәртіпке құрмет – елдің өркендеуі мен бейбіт өмірінің кепілі. Әрбір азамат өзінен бастап заңды сыйлап, өз ісінде адалдық пен жауапкершілікті басшылыққа алса, қоғамда әділдік пен тұрақтылық орнайды. «Заң және тәртіп» қағидаты – азаматтық мәдениеттің айнасы, ал құқықтық сана – сол айнадағы шын бейне. Заң үстемдік еткен жерде сенім мен бірлік, бейбіт өмір мен даму қатар жүреді.