Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпарат

ЖАҢА ДӘУІРДІҢ КӨРІНІСІ: ЦИФРЛЫҚ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ АДАМ КАПИТАЛЫН ДАМЫТУ

Бүгінгі жаһандық өркениет жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Экономиканың барлық саласын цифрлық жаңғырту үрдісі мемлекеттердің даму бағытын түбегейлі өзгертті. Қазақстан да бұл үдеріске белсене қосылып, заманауи технологияларды ұлттық дамудың басты қозғаушы күшіне айналдыруға ұмтылып отыр. Бұл өзгеріс тек экономикалық емес, ең алдымен адам капиталының дамуына, яғни қоғамның білімділігіне, кәсібилігіне және еңбек нарығына бейімделу қабілетіне тікелей әсер етуде.

Білім беру саласы цифрлық дәуірдің негізгі өзегіне айналды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы осы бағыттағы маңызды бастама. Қазірдің өзінде 217 мектептің 150-і өз жұмысын бастап үлгерді, қалғандары жақын айларда пайдалануға беріледі. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіруге жасалған нақты қадам.

Заманауи экономикада жасанды интеллектіні меңгерген мамандарға сұраныс артып келеді. Осы орайда жүзеге асып жатқан Al-Sana бағдарламасы – жоғары технологиялық жобаларға 100 мыңға жуық студентті тартуды көздейді. Бірақ болашақ мамандарды даярлау жұмысы тек жоғары оқу орнында ғана емес, мектеп қабырғасынан басталуы тиіс.

Сондықтан мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері бойынша оқу бағдарламасы мен арнайы оқу құралдарын әзірлеу – уақыт талабы. Мұғалімдердің де жаңа технологияны меңгеру қабілетін арттыру қажет. Осы тұрғыда «Qazaq Digital Mektebi» платформасы — ауылдық шағын жинақты мектептер үшін үлкен мүмкіндік болмақ.

Бүгінгі еңбек нарығында ең өзекті мәселе – білікті кадр тапшылығы. Ел Президенті 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау арқылы осы түйткілге нақты назар аударды. Себебі елімізде мыңдаған бос жұмыс орны бар, бірақ оларды толтыруға лайықты мамандар жетіспейді.

Мемлекет жастардың техникалық және инженерлік бағыттағы білім алуына қомақты қаржы бөліп отыр. Алайда түлектердің едәуір бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл жағдай қоғамдағы еңбек мәдениетіне, кәсіби бағдар беру жүйесіне және экономиканың нақты секторындағы еңбек өнімділігіне әсер етуде.

Осыған байланысты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік қолдау көрсету – ұлттық саясаттың маңызды бөлігіне айналуы тиіс.
Қазіргі таңда ел ішіндегі және сырттағы көші-қон ағымын тиімді бақылау – еңбек нарығын реттеудің басты шарты. Астана мен ірі қалаларға көшу үдерісі күшейіп, инфрақұрылымға салмақ түсіп отыр. Елорданың халқы үш жылда 250 мыңнан астам адамға артты. Бұл қала бюджетін әлеуметтік шығындарға тәуелді етіп, мектеп, емхана, тұрғын үй тапшылығын күшейтті.

Сондықтан бірыңғай цифрлық көші-қон есебі жүйесін енгізу – уақыт талабы. Бұл еңбек нарығындағы тепе-теңдікті сақтауға, өңірлік саясатты тиімді жүргізуге және халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер жүйесін біріздендіру, масылдыққа жол бермейтін әділ әлеуметтік саясат қалыптастыру қажет.

Мемлекет халық денсаулығына ерекше көңіл бөліп келеді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 медициналық нысан салынып, тағы 115 нысанның құрылысы аяқталуда. Қалаларда онкологиялық және жұқпалы аурулар орталықтары ашылып, жасанды интеллект негізіндегі медициналық мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласын дамыту — тек медициналық емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да кепілі. Бұл бағыттағы реформалар халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Жасанды интеллект дәуірінде де мәдениет пен өнер өз маңызын жоймайды. Өнер адамдары ел мәдениетін әлемге паш етіп, ұлттық бірегейлікті нығайтуда. Мемлекет олардың бастамаларын қолдап, мәдени инфрақұрылымды жаңартуда.

Сонымен қатар бұқаралық спортқа жағдай жасау – салауатты қоғам құрудың маңызды бөлігі. Балалар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған спорт клубтарының ашылуы, кәсіби спортты коммерциялық негізге көшіру бастамасы – осы бағыттағы жүйелі істердің көрінісі.

Қазақстанда суперкомпьютердің іске қосылуы – үлкен жетістік. Бұл – еліміздің цифрлық мемлекетке айналу жолындағы нақты бастама. Енді Үкімет «Digital Qazaqstan» тұжырымдамасын әзірлеп, барлық бастамаларды бірыңғай ұлттық стратегия шеңберінде үйлестіруі керек.

Цифрлық жаңғыру – жай ғана технологиялық үрдіс емес, ол азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған жаңа даму философиясы. Жасанды интеллект пен цифрлық экономика елдің ғылыми, әлеуметтік және мәдени әлеуетін еселеп арттырады.

Қазіргі таңда Қазақстан үшін ең басты стратегиялық мақсат – адам капиталының сапасын арттыру және цифрлық жаңғыруды барша қоғам игілігіне айналдыру.

Білімді, білікті, бәсекеге қабілетті азаматтар – елдің ең қымбат қазынасы. Сондықтан әрбір қазақстандық жаңа дәуірдің талаптарына бейімделіп, өз қабілетін ел игілігіне жұмылдыруға ұмтылуы қажет.

Еліміздің ертеңі – білімді ұрпақтың, еңбекті қадірлейтін қоғамның және жаңа технологияларды игерген ұлттың қолында.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖАСТАР САЯСАТЫ ЖАНДАНА ТҮСТІ

admin

Президент Шығыс Қазақстан облысының әкімін қабылдады

admin

Мемлекет басшысы Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдерге арналған Біріккен Ұлттар Ұйымының үшінші конференциясында сөз сөйледі

admin

Пікір жазу