Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру – тұрақтылық пен дамудың басты кепілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, Қазақстанның басты ұстанымы – әділеттілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңның үстемдігін барынша күшейту.
Цифрлық технологиялар өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ, сонымен қатар түрлі алаяқтық түрлері көбейіп келеді. Осыған байланысты азаматтардың қаржылық және цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесі өзекті. Мемлекет басшысы бұл ретте «Amanat» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Жобаға 2024 жылы 65 мың адам қатысқан болса, биыл бұл көрсеткіш одан да жоғары болады деп күтілуде.
Мектеп пен жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін оқыту – уақыт талабы. Үкімет пен тиісті органдар бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуі тиіс. Азаматтардың алаяқтық құрбаны болмауы үшін құқықтық және ақпараттық мәдениетті арттыру маңызды.
Сонымен бірге қазір «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұл құжат қоғам мен мемлекеттік аппараттың күшін біріктіріп, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Әр қоғам үшін басты құндылықтар – әділдік пен қауіпсіздік. Бұл ұғымдар азаматтардың мемлекетке сенімін арттырып, елдің даму деңгейін айқындайды. Қазақстанда осы бағытта ауқымды реформалар жүзеге асырылып, саяси жаңғыру мен әлеуметтік өзгерістер қолға алынды.
Құқық қорғау саласында да маңызды реформалар жүргізілуде. Мақсат – әділетті қоғам орнату және азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту. Президент атап өткендей, «Біз заң мен тәртіп үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары мәдениетті, жаңашыл әрі парасатты ұлттың ұпайы түгел».
Жеке адамнан бастап бүкіл қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің стратегиялық басымдығы. Соңғы жылдары Қазақстанда қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстар азайып келеді. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс тоқтамауы тиіс.
Ішкі істер министрлігіне ұсақ бұзақылықтан бастап ауыр қылмыстарға дейін қатаң тосқауыл қою, заңсыз көші-қон мен экстремизмнің кез келген түріне жол бермеу тапсырылды. Құқық қорғау органдары кәсібилік пен табандылық танытып, қоғамның сенімін ақтауы қажет.
Жол-көлік апаттары әлі де өзекті мәселе. Биылдың өзінде 1300-ден астам адам көз жұмып, 16 мыңнан астам азамат жарақат алған. Бұл бағытта интеллектуалды жүйелерді енгізу, жол инфрақұрылымын жетілдіру және жүргізушілерді сапалы даярлау ісін күшейту қажет.
Әскер қатарында тәртіп пен қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс. Жас сарбаздардың өмірі мен денсаулығына баса назар аудару – мемлекет пен әскери басшылықтың тікелей міндеті.
Президент ұлттың болашағына кесірін тигізетін бес әлеуметтік кеселдің қатарында есірткі, вандализм және құмар ойындарын атады. Бұл бағыттарда тиісті заңнамалар қабылданып, электронды темекіге тыйым салынды. «Нөлдік төзімділік» қағидаты қоғамда құқық бұзушылыққа қарсы ұжымдық жауапкершілік қалыптастырады.
Халқымыз ежелден төзімділік пен татулықты ту еткен. Қазақстанда ешкімнің тіліне, дініне, ұлтына немесе әлеуметтік жағдайына байланысты қысым жасалмайды. Бұл – Конституциялық қағида және ел бірлігінің негізі.
Президент атап өткендей, еліміздің бейбіт өмірі мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін заңға арқа сүйеу, тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру қажет.
Бүгінгі мақсат – Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстан құру. Бұл жолда әрбір азамат заңды құрметтеп, ел дамуына үлес қосуы керек. Сонда ғана қоғамда әділет үстемдік етіп, әрбір адамның өмірі мен құқығы сенімді қорғалады.
