Түркістан қаласында Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында білім саласы қызметкерлеріне арналған «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті. Шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, педагогтарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғам дамуына қосып отырған зор үлестері үшін алғыс білдірді.
Облыс әкімі өз сөзінде ұстаздардың мәртебесін арттыру – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Мұғалім – адам тәрбиелейтін ең жауапты мамандық. Біз ұстаздардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды жалғастыра береміз» деген болатын. Бұл – сіздердің еңбектеріңізге берілген ең жоғары баға.
Бүгінде облысымызда 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, аянбай еңбек етуде. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында өңірімізден 600-ге жуық педагог іріктеліп, олардың 46-сы білім саласында басшылық қызметке тағайындалды. Ал «Daryn Teacher» халықаралық жобасы бойынша 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тәжірибе жинақтады. Бұл – әлемдік үздік тәжірибені өңір мектептеріне енгізуге мүмкіндік беретін маңызды бастама, – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, әкім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауын ұстаздар еңбегінің жаңа кезеңдегі мәнімен байланыстырды.
– Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікке деген құрметті арттыру көзделуде. Бұл бағытта ұстаздардың рөлі ерекше. Себебі дәл сіздер жастарды еңбекқорлыққа, табандылыққа баулып, елдің ертеңін қалыптастырып отырсыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Салтанатты жиында білім саласына ерекше еңбек сіңірген ұстаздарға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің және облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медальдары мен алғыс хаттар табысталды.
Марапат иелерінің қатарында ардагер ұстаздар Әлия Сейсенбаева мен Сәуле Ешманова, сондай-ақ ерекше жетістіктерімен танылған жас педагогтар бар.
Мәселен, Қазығұрт ауданындағы Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназиясының информатика және робототехника пәнінің мұғалімі Оразхан Бексұлтан «Құрмет» грамотасымен және 1 млн теңгенің сертификатымен марапатталды. Ол жетекшілік ететін үйірме шәкірттері халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүр.
Сондай-ақ Созақ ауданындағы «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі Нұржамал Төлеуова мен Кентау көпсалалы колледжінің оқытушысы, халықаралық чемпионаттардың жеңімпазы Диларам Анарбаева да марапатқа ие болды.
Мерекелік кеште облыстың талантты өнерпаздары, ұстаздар мен оқушылар концерттік бағдарлама ұсынды.
Айта кетейік, Түркістан облысында білім саласына бөлінген қаржы 2025 жылы 13 пайызға артты. Бұл қаражат жаңа мектептер салуға, білім нысандарын жаңғыртуға және педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталып отыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде 29 жаңа мектептің құрылысы жүруде.
Ұстаздар қауымына құрмет көрсету – елдің ертеңіне деген сенімнің белгісі. Түркістан өңірі ұстаздарының қажырлы еңбегі мен шәкіртке деген сүйіспеншілігі жас ұрпақтың жарқын болашағын қалыптастыруға зор үлес қосуда.