Әрбір қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі – демографиялық жағдай.
Түркістан қаласындағы демографиялық үдерістер соңғы жылдары тұрақты оң серпін көрсетіп отыр. Халық санының артуы, туу көрсеткішінің жоғары болуы, жас құрылымның басымдығы және көші-қонның оң сальдосы – қаланың әлеуметтік дамуының басты ерекшеліктері.
Халық санының өсу қарқыны
2025 жылдың басында Түркістан қаласының халық саны шамамен 237 500 адамды құрады, бұл облыс халқының 10,7%-ын немесе 2024 жылмен салыстырғанда 4,2%-ға көп.
2018 жылдың басынан бері қала тұрғындарының саны шамамен 76 мың адамға артқан (161 540 адамнан 237 500 адамға дейін).
Бұл өсімнің басты себептері – табиғи өсімнің жоғары болуы және көші-қон ағынының оң нәтижесі.
Этникалық құрылым
Қаланың этникалық құрылымында қазақтар (66,5%) және өзбектер (30,7%) негізгі үлесті құрайды. Сонымен қатар, татар, орыс, тәжік және басқа этнос өкілдері де қала өміріне елеулі үлес қосып отыр. Түркістан – көпұлтты және мәдени тұрғыда бай қала ретінде этносаралық келісім мен бірліктің үлгісі болып қала береді.
Жас құрылым
Қала халқының жас құрылымы жастарға басым.
Жалпы халықтың 38%-ын (90 мыңға жуық адам) балалар (0–14 жас),
56,8%-ын еңбекке қабілетті жастағы азаматтар (15–64 жас),
ал 5,2%-ын егде жастағы тұрғындар құрайды.
Мұндай құрылым Түркістанның болашақта еңбек әлеуеті жоғары аймақтардың бірі болып қалатынын көрсетеді.
Табиғи өсім және туу көрсеткіші
Қала халқы санының өсуінде туу көрсеткіші маңызды рөл атқарады.
2024 жылы табиғи өсім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 24,0 болса,
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 24,5-ке дейін өсті.
Туу деңгейі 1000 адамға шаққанда 28,3, ал өлім-жітім көрсеткіші 3,8 деңгейінде сақталды.
Бұл облыстық орташа көрсеткіштен жоғары және Түркістандағы өмір сүру сапасының жақсарғанын дәлелдейді.
Көші-қон үдерістері
2019 жылдан бері Түркістан қаласында көші-қон сальдосы оң сипатта қалыптасып келеді.
2024 жылы қалаға көшіп келгендер саны кеткендерден 1 700 адамға көп болды.
2025 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша да көші-қонның оң сальдосы сақталып отыр – шамамен 1 200 адам.
Сыртқы көші-қонда қалаға шет елдерден келгендердің саны артып келеді:
2023–2025 жылдар аралығында Түркістанға шетелдерден 240 адам келіп, 80 адам кеткен, нәтижесінде сальдо +160 адамды құрады.
Аймақаралық көші-қонда қалаға негізінен Шымкент, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан халық ағыны байқалды, ал Астана мен Алматы қалаларына кету үрдісі сақталған.
Аймақішілік көші-қон да оң динамика көрсетіп отыр – 2025 жылы облыс ішінен Түркістан қаласына 1 800-ге жуық адам қоныс аударған.
Қорытынды
Жалпы, 2025 жылы Түркістан қаласында қолайлы демографиялық жағдай қалыптасқан.
Халық саны табиғи өсім мен көші-қон есебінен артып келеді. Балалар мен жастардың үлесінің жоғары болуы қаланың ұзақмерзімді еңбек ресурстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, урбанизация қарқынының артуы, тұрғын үй және инфрақұрылымдық жобалардың дамуы Түркістанды аймақтық экономикалық және мәдени орталық ретінде одан әрі нығайтуға ықпал етуде.
Түркістан – жас, серпінді дамып келе жатқан, адам капиталы мол қала. Оның демографиялық әлеуеті аймақтың болашағының кепілі болып табылады.