Түркістан қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және тұрғындарды арзан әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету мақсатында кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті.
Жәрмеңке барысында қала тұрғындарына күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдері нарықтағы бағадан 30–50 пайызға төмен бағамен ұсынылды. Сауда сөрелеріне «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ, сондай-ақ жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтарының өнімдері қойылды.
– Бұл жәрмеңке ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын қолдауға бағытталған. Сонымен қатар жергілікті тауар өндірушілер үшін өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей жеткізуге мүмкіндік береді. Өткен аптада «Отырар» мөлтек ауданында өткен жәрмеңке бүгін «Бірлік» секторында ұйымдастырылды. Келесі жәрмеңке 10 қазан күні «Яссы» секторында (Хақназар хан көшесі, фронт-офис аумағында) өтеді, – деді «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаев.
Жәрмеңкеге келген жұртшылық картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, ет және сүт өнімдерін тиімді бағамен сатып алды. Арзан бағадағы сапалы өнімдер тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.
Мұндай шаралар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы Жолдауында айтылған бағаны тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асуда. Мемлекет басшысы өз сөзінде:
«Халықтың әл-ауқаты баға тұрақтылығына тікелей байланысты. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауға, өңірлердегі тұрақтандыру қорларының тиімділігін арттыруға тиіс», – деген болатын.
Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған жәрмеңкелер осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болып табылады. Мұндай шаралар тұрғындардың әлеуметтік жүктемесін азайтып, жергілікті кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қолдау көрсетеді.
Жәрмеңке алаңы қала тұрғындарын қолжетімді бағамен азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына және ішкі нарықтағы баға теңгерімін сақтауға өз үлесін қосты.