Қоғамның өркендеуі мен мемлекеттің тұрақтылығы ең алдымен халықтың саналы әрекеті, заңға құрметі және мәдениет деңгейімен өлшенеді.
Тәртіп пен заң үстемдігі орнаған ел ғана өркениетке жол ашады. Ал азаматтардың жауапкершілігі мен білімге ұмтылысы – мемлекет болашағының кепілі.
Қазір бүкіл әлем жаңа дәуірге – ақпараттық және жасанды интеллект кезеңіне аяқ басты. Осындай ауқымды өзгерістер кезінде қоғамда тұрақтылық пен тәртіп сақтау, жастардың рухани әрі интеллектуалдық дамуын қамтамасыз ету – мемлекет үшін басты басымдыққа айналды.
Мықты мемлекеттің іргетасы – заңның үстемдігі.
Қай елдің болсын дамуы оның азаматтарының заңды қаншалықты құрметтейтінімен тікелей байланысты.
Қоғамда «Заң бәрінен жоғары» деген қағида түпкілікті орныққанда ғана әділдік салтанат құрады.
Өкінішке қарай, бүгінде кейбір азаматтар тәртіпке салғырт қарайды. Қоғамдық орындарда дөрекілік танытып, айқай-шу шығару, бір-біріне құрметсіздік көрсету секілді келеңсіз көріністер жиілеп барады. Мұндай мінез – мәдениетті елге тән емес, ол ұлттың абыройына нұқсан келтіреді.
Мемлекет үшін ең маңыздысы – азаматтардың ішкі мәдениеті мен жауапкершілігі. Егер әркім өз ісіне жауап бере білсе, заң бұзушылық та азаяды. Тәртіп – ел тыныштығының кепілі, ал тыныштық – дамудың негізі.
Мәдениет – ұлттың рухани қуаты. Ол адамның сөзінен, ісінен, қарым-қатынасынан байқалады.
Қоғамның мәдениеті отбасынан басталып, мектепте, еңбек орнында, қоғамда қалыптасады.
Өкінішке қарай, бүгінде кейбір адамдардың бойынан сыпайылық, сабырлылық сияқты қасиеттер сиреп барады.
Әдептілік пен имандылық – халқымыздың қанына сіңген ұлы құндылықтар.
Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген өсиеті – өзара сыйластықтың мәңгілік қағидасы.
Сондықтан біз жастарды мәдениетті, ізетті, адамгершілігі жоғары тұлға етіп тәрбиелеуіміз қажет. Бұл – қоғамның кемелденуіне бастайтын жол.
Қазақ халқы үшін ел бірлігі – қастерлі ұғым.
Егемендігіміздің, жеріміздің тұтастығының, тәуелсіз саясатымыздың бәрі осы бірліктің арқасында сақталып отыр.
Бейбітшілік пен татулық – мемлекеттің ең үлкен байлығы.
Бүгінгі таңда әлемде түрлі қақтығыстар, геосаяси тартыстар күшейіп жатқан шақта Қазақстанның ішкі тұрақтылығын сақтау – баршамыздың азаматтық борышымыз.
Халық татулығы мен тыныштығын сақтау тек мемлекетке емес, әр азаматқа байланысты.
Бірлігі мықты ел – ешқашан құламайды.
Қазіргі заманның жастары бұрынғы ұрпақтан өзгеше ойлайды.
Олар үшін патриотизм – тек ұран емес, нақты іс.
Жастар «Елге қызмет ету – халыққа пайда әкелетін іс бастау, жаңа идея ұсыну, ғылым мен технологияда жетістікке жету» деп түсінеді.
Бұл – отансүйгіштіктің жаңа үлгісі.
Бүгінгі ұрпақ ел дамуына үлес қосу арқылы өз болашағын қалыптастыруда.
Сондықтан мемлекет жастардың бастамаларын қолдап, олардың қабілеттерін дамытуға бар жағдай жасауда.
Жастардың күш-қуаты, ізденісі мен жаңашылдығы – Қазақстанның ең үлкен капиталы.
XXI ғасыр – ғылым мен технологияның ғасыры.
Жасанды интеллект, цифрлық даму, инновация – болашақ экономикасының негізгі тетіктері.
Осы үрдістен қалыс қалмау үшін жастар білімге, зерттеуге, жаңашыл ойға ұмтылуы қажет.
Хакім Абай айтқандай, «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады».
Демек, адамды тұлға ететін – білім мен тәрбие.
Білімді, парасатты ұрпақ – ұлттың тірегі, елдің болашағы.
Мемлекет те жастардың интеллектуалдық әлеуетін арттыру үшін бар мүмкіндік жасап отыр. Ғылым мен инновацияны қолдауға бағытталған жобалар, жаңа білім бағдарламалары – елдің жарқын келешегіне салынған инвестиция.
Әділет пен жауапкершілік – өркениетті қоғамның негізі
Әділетсіз қоғам – әлсіз қоғам.
Заңның күші әділдікте, биліктің беделі адалдықта.
Сондықтан әрбір шешім, әрбір мемлекеттік бастама халықтың мүддесіне қызмет етуі тиіс.
Азаматтардың құқықтық мәдениеті жоғары болса, қоғам да дамиды.
Әр адам өз орнында адал еңбек етіп, өз ісіне жауапкершілікпен қараса, елдің әл-ауқаты артады.
Сондықтан әділдік пен жауапкершілік – жаңа дәуірдегі басты құндылықтар болуы керек.
Қазір Қазақстан жан-жақты жаңару жолында.
Біздің мақсат – заң үстемдігіне негізделген әділетті қоғам мен білімді, саналы ұлт қалыптастыру.
Бұл жолда мәдениет, бірлік, тәртіп және патриотизм басты қағида болуға тиіс.
Саналы ұрпақ пен әділ қоғам барда еліміздің болашағы жарқын болмақ.
Өйткені саналы азамат – мықты мемлекеттің іргетасы,
ал әділ заң мен тұрақты тәртіп – сол мемлекеттің мәңгі тұғыры.