Сайрам аудандық пробация бөлімінде есебінде тұрған азаматтар арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында семинар-тренинг өткізілді.
Іс-шараға Сайрам аудандық пробация бөлімінің бастығы, әділет аға лейтенанты Б. Жолдасбеков, сондай-ақ Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ә. Төлегенов қатысып, қатысушыларға қоғамда кеңінен таралып отырған нашақорлықтың зияны мен оның әлеуметтік-құқықтық салдары туралы жан-жақты түсіндірме жасады.
Семинар барысында қатысушыларға есірткінің жеке тұлға өміріне, денсаулығына және қоғамға тигізер кері әсері, сондай-ақ құқық бұзушылық пен қылмыстық жауапкершілікке әкелетін салдары туралы нақты мысалдар келтірілді. Мамандар қатысушыларды зиянды әдеттерден аулақ болуға, еңбекпен айналысуға және отбасылық құндылықтарды сақтауға шақырды.
Сонымен қатар, тренинг форматында пікір алмасу, сұрақ-жауап сессиясы, және мотивациялық бағыттағы әңгімелер ұйымдастырылды. Қатысушылар өз ойларын ортаға салып, өмірлік бағыттарын айқындауға мүмкіндік алды.
Пробация қызметкерлерінің айтуынша, мұндай іс-шаралар әлеуметтік бейімделу процесінде тұрған азаматтарға рухани қолдау көрсетіп, олардың жаңа өмірге оң көзқарасын қалыптастыруға және қоғамға қайта бейімделуіне үлкен әсер етеді.
🔹 Алдағы уақытта да Сайрам аудандық пробация бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының бірлескен жұмыстары жалғасып, қоғамда нашақорлықтың алдын алу бағытындағы түсіндіру және профилактикалық шаралар жүйелі түрде жүргізілетін болады.