Қоғамның өркениетті деңгейге жетуінің басты шарты – заң мен тәртіпке нөлдік төзімділік қағидасын орнықтыру. Бұл ұстаным тек қылмыс пен бұзақылыққа қарсы шара ғана емес, бүкіл елдің мәдениетінің, жауапкершілігінің және адамгершілік деңгейінің айнасы.
Бүгінде Қазақстан жаңа дәуірге аяқ басты. Цифрландыру, жасанды интеллект, инновация мен білімнің ғасыры басталды. Бірақ бұл жаңғырудың шынайы жемісін көру үшін қоғамның моральдық іргетасы – заңға құрмет пен тәртіпке адалдық мызғымай тұруы қажет.
Экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту – адам капиталын дамытудың жаңа кезеңін ашып отыр. Елімізде білім мен ғылымды заманауи технологиямен ұштастыру бағытында нақты істер қолға алынған.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 мектептің 150-і іске қосылды, қалғандары алдағы айларда пайдалануға беріледі. Бұл – білімнің сапасын жаңа деңгейге көтерудің айғағы.
Сондай-ақ «Al-Sana» бағдарламасы аясында 100 мыңға жуық студент жоғары технологиялар жобасына тартылуда. Бұл – болашақ инженерлер мен ІТ-мамандардың жаңа буынын қалыптастыру жолындағы маңызды бастама.
Алайда білім беру ісі тек студенттік кезеңмен шектелмеуі тиіс. Жасанды интеллект негіздерін мектеп қабырғасынан бастап үйрету – уақыт талабы. Бұл ретте «Qazaq Digital Mektebi» үлгісіндегі онлайн білім платформасын енгізу – ауылдағы балаларға сапалы білімге тең мүмкіндік береді.
Мұндай бастамалар – жас ұрпақты тек технологияны тұтынушы емес, оны жасай алатын тұлға ретінде тәрбиелеудің кепілі.
Технологиялық жаңғырумен бірге қоғамның құқықтық және этикалық жауапкершілігі де артуы тиіс.
Жасанды интеллект, деректер қоры, цифрлық экономика – бұлардың барлығы адамның ішкі мәдениеті мен заңға құрметінсіз дамымайды.
Сондықтан жаңа дәуірдің басты қағидасы – нөлдік төзімділік: яғни, кез келген құқық бұзушылыққа, жемқорлыққа, әділетсіздікке, дөрекілікке, қоғамдық орындардағы мәдениетсіздікке мүлде жол бермеу.
Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда дөрекі сөйлеу, жанжал шығару, қоғамдық тәртіпті бұзу жиілеп барады. Мұндай әрекеттерге, әсіресе, жастар арасында нөлдік төзімділік қалыптастыру – білім мен тәрбиенің ортақ міндеті.
Хакім Абайдың: «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» деген сөзі дәл осы кезеңде айрықша мәнге ие.
Еліміз білім экономикасына бет алды. Бұл дегеніміз – ғылым, білім және инновацияны біртұтас жүйеде дамыту.
Бүгінде ғылым саласындағы басты түйткіл – нәтиженің аздығы. Бюджеттен бөлінетін қомақты қаражаттың қайтарымы нақты өнім – патент, жаңа технология, өндірістік жоба түрінде жеткіліксіз.
Сондықтан инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру, ғылыми институттарды үйлестіру және университеттерге дербестік беру – өзекті шешім.
Сонымен қатар, шетелдегі білікті зерттеушілерді елге қайтару – ұлттық міндет. Қазақстан дамуына үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – бәсекеге қабілетті елдің белгісі.
2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланды. Бұл – еңбек адамына деген құрметті қайта оралтудың бастамасы.
Қазір елімізде мыңдаған бос жұмыс орны бар. Алайда көптеген түлектер мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жоғары жалақысы бар, бірақ қысқа мерзімді табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.
Бұл үрдіс қоғамда еңбек мәдениетінің әлсіреуіне және кәсіби кадр тапшылығына әкелуде.
Мемлекет еңбек адамының мәртебесін арттырып, оларға лайықты жалақы мен жағдай жасауы тиіс.
Еңбек нарығын басқарудағы басты міндет – есеп пен тәртіпті цифрландыру, яғни бірыңғай көші-қон және жұмыс нарығы жүйесін енгізу. Бұл заңсыз еңбек миграциясын азайтып, экономикалық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік саясат – мемлекеттің ең сезімтал саласы. Бірақ шектен тыс жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек жүйесінің тиімсіздігі масылдық пен әлеуметтік алаяқтықты тудырады.
Мемлекет негізгі міндеттерінен бас тартпайды, бірақ «қол жайып көмек күту» психологиясы қоғам дамуын тежейді.
Сондықтан әлеуметтік саясатта да нөлдік төзімділік принципі қажет – яғни, әділдік пен есептілік болуға тиіс.
Мемлекет денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға ерекше назар аударып отыр. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 540 нысан салынды, тағы 115 медициналық мекеме іске қосылады.
Бұл – әр азаматтың сапалы медициналық қызмет алуға тең құқығын қамтамасыз ететін нақты қадам.
Сонымен қатар жол қауіпсіздігі мәселесі де маңызды. Жыл сайын 22 мыңнан астам жол апаты тіркеледі. Бұл – тек полицияның емес, әрбір жүргізушінің заң алдындағы жауапкершілігінің көрінісі.
Көлік жүргізу мәдениеті – адам өміріне деген құрмет. Сондықтан әр азамат өз әрекетіне нөлдік төзімділікпен қарауы тиіс: жолда, қоғамда, жұмыста, интернет кеңістігінде.
Мәдениет пен өнер қоғам рухын көтереді. Өнер адамдары елдің рухани бейнесін қалыптастырады, сондықтан мемлекет олардың еңбегін заңды түрде қорғауға және қолдауға тиіс.
Бүгінде бұқаралық спортқа да ерекше назар аударылып отыр. Аймақтарда спорт нысандары, балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйірмелер ашылуда.
Кәсіби спортты бизнес-индустрия ретінде дамыту – әлемдік тәжірибеге сай келетін шешім. Футбол клубтарын жекешелендіру, спортты коммерцияландыру – әділдік пен тиімділіктің кепілі.
Нөлдік төзімділік – бұл жазалау емес, сананы тәрбиелеу мәдениеті.
Бұл ұстаным қоғамның барлық саласына: білімге, еңбекке, ғылымға, медицинаға, мәдениетке және цифрлық технологияға бірдей қатысты.
Заң үстемдігі мен әділдік орнаған жерде ғана тұрақтылық, бейбіт өмір және шынайы даму болады.
Сондықтан әр азамат өз ісінде тәртіпті, саналы, әділ болуға тиіс.
Өйткені нөлдік төзімділік – әділетті Қазақстанның басты қағидасы, ал тәртіп – ел тұрақтылығының тірегі.