ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен және құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Түркістан қаласында көлік жүргізушілері арасында «Fin IQ» республикалық қаржылық қауіпсіздік диктантына қатысуға шақыру акциясы өтті.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамның әрбір мүшесін, соның ішінде көлік жүргізушілерін де қаржылық қауіпсіздік мәдениетіне тарту, қаржылық сауаттылықты арттыру және азаматтарды алаяқтықтың түрлі түрінен сақтандыру. Сонымен қатар, іс-шара барысында көлеңкелі экономикамен күрестің өзектілігі мен оның қоғам дамуына тигізетін кері әсері де түсіндірілді.
Тәртіп сақшылары мен қаржы саласының мамандары жүргізушілерге «Fin IQ» диктанты туралы ақпараттық парақшалар таратып, онлайн түрде қатысу тәртібін көрсетті. Сондай-ақ, азаматтарға интернет-алаяқтық, жалған инвестиция, несие және банк карталары арқылы жасалатын қылмыстардан қорғану тәсілдері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдерінің айтуынша, мұндай акциялар ел азаматтарының қаржылық мәдениетін қалыптастыруға, экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, және қаржы жүйесіндегі ашықтықты арттыруға бағытталған.
«Fin IQ» диктанты – бұл жай ғана тест емес, ол қоғамның қаржылық сауаттылығын арттыруға және еліміздің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған ұлттық қозғалыс.
Түркістандық жүргізушілердің белсенділігі мен қызығушылығы – тұрғындардың қаржы саласындағы білім деңгейінің өсіп келе жатқандығын және азаматтардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды үйреніп келе жатқанын көрсетті.