Қаржылық мониторинг агенттігі ұйымдастырған республикалық «FinIQ» қаржылық қауіпсіздік диктанты еліміздің барлық өңірінде жоғары қызығушылықпен басталды. Жобаға қазіргі таңда 192 мыңнан астам мектеп және колледж оқушылары мен студенттер тіркелді.
Бар болғаны екі күннің ішінде 97 мың қатысушы онлайн тестілеуден өтіп, өздерінің қаржылық сауаттылық деңгейін тексерді.
«FinIQ» диктанты – азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған арнайы IQ-тест. Тестте 20 сұрақ қамтылған: «дроп» ұғымы, «қаржылық пирамидадан қалай сақтану керек» сияқты негізгі түсініктерден бастап, жеке деректердің қауіпсіздігі, банк өнімдері және онлайн төлемдер қауіпсіздігі секілді маңызды тақырыптар қарастырылған.
Диктанттың ерекшелігі – қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген үш деңгейдің болуы. Мектеп оқушыларына, колледж және жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған тест нұсқалары қысқа әрі мазмұнды сұрақтардан тұрады. Қатысушылар тестті 15–20 минут ішінде кез келген құрылғы арқылы өте алады.
Айта кетейік, FinIQ қаржылық қауіпсіздік диктанты «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында өтуде.
Бүгінгі таңда Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласының тұрғындары ерекше белсенділік танытып отыр. Көптеген мектептерде диктант сабақ барысында ұйымдастырылса, жоғары оқу орындарында факультетаралық жарыстар түрінде өткізілуде.
Қатысушылар әлеуметтік желілерде #FinIQ хэштегімен өз нәтижелерін жариялап, достарын «қаржылық иммунитетін тексеруге» шақыруда.
Диктант 20 қазанға дейін жалғасады. Тест қорытындысы бойынша әрбір қатысушы диплом мен сертификатқа ие болады, ал ең жоғары нәтиже көрсеткендерге бағалы сыйлықтар табысталады.