Balmedia.kz қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық сайты
Басты ақпарат

Еңбек нарығы және жұмысшы мамандықтарының жаңа миссиясы

Қазіргі кезеңде әлем экономикасы түбегейлі өзгерістер үстінде. Цифрландыру, жасанды интеллект және автоматтандыру үрдістері еңбек нарығының құрылымын түбегейлі түрлендіріп отыр. Осындай жағдайда Қазақстанның басты міндеті – жаңа дәуір талабына бейімделген, білікті әрі икемді адам капиталын қалыптастыру. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, экономиканы цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытумен тығыз байланысты.

Бүгінде еңбек нарығының негізгі бағыты – технология мен адам арасындағы өзара байланыс. Жасанды интеллект, автоматтандыру жүйелері және «ақылды өндіріс» ұғымдары жаңа мамандықтардың пайда болуына, дәстүрлі кәсіптердің қайта қаралуына жол ашты. Осы үдеріс аясында «Al-Sana» бағдарламасы арқылы студенттер жоғары технологиялық жобаларға тартылып, жаңа кәсіби бағыттарға бейімделуде. Бұл – еңбек нарығын болашаққа дайындаудың нақты мысалы.

Алайда цифрлық экономиканың дамуы классикалық жұмысшы мамандықтарының мәнін жоймайды. Керісінше, технологияны игерген білікті жұмысшы – жаңа экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сол себепті Мемлекет басшысы 2025 жылды – “Жұмысшы мамандықтары жылы” деп жариялап, еңбек адамының беделін арттыруды басты міндет ретінде қойды.

Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы, ауыл шаруашылығы және техникалық маман оқуын бітірсе де, олардың айтарлықтай бөлігі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл жағдай еңбек нарығында кадр тапшылығын тереңдетіп, шетелдік жұмыс күшіне тәуелділікті арттырып отыр.

Мұның негізгі себебі – қоғамдағы «жұмысшы мамандықтарына» деген әлеуметтік көзқарастың төмендігі және еңбек өнімділігі мен жалақы деңгейінің арасындағы сәйкессіздік. Мемлекет бұл мәселені шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, дуальды оқыту мен өндірістік тәжірибені күшейту бағытында нақты шаралар қабылдауда.

Экономикалық өсімнің тұрақтылығы ең алдымен еңбек сапасына тәуелді. Цифрландыру қаншалықты дамығанымен, оны жүзеге асыратын – адам. Сондықтан еңбек адамы – елдің басты капиталы. Президент атап өткендей, бізге «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет. Бұл ұғым тек білімді ғана емес, өз ісіне адал, технологияны меңгерген, жауапкершілігі жоғары мамандарды білдіреді.

Еңбек адамының әлеуметтік жағдайын жақсарту, еңбегіне сай сыйақы төлеу және кәсіби өсу мүмкіндігін қамтамасыз ету – экономикалық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болуы тиіс. Мұндай қадамдар жастарды нақты өндіріс саласына тартуға, ал білікті кадрларды елде ұстап қалуға мүмкіндік береді.

Жаңа дәуірдің басты талабы – білім мен еңбек, технология мен адамгершілік құндылықтарының үйлесуі. Жұмысшы мамандықтарын дамыту – тек экономикалық емес, әлеуметтік-мәдени миссия да. Еңбек мәдениеті қалыптасқан қоғамда әділдік, жауапкершілік және ұлтқа қызмет ету рухы бекиді.

Сондықтан «Жұмысшы мамандықтары жылы» тек бір салалық бастама емес, ұлттық сананы жаңғыртудың, еңбекке құрмет пен кәсібилікті дәріптеудің символына айналуы тиіс.

Жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның басты байлығы – жер қойнауы емес, адамның еңбегі мен білімі.
Сондықтан еңбек адамына деген құрмет – елдің болашағына деген жауапкершілік.
Білікті маман – экономиканың тірегі, қоғамның қозғаушы күші.
Ал еңбекке адал көзқарас – Қазақстанның тұрақты дамуының басты шарты.

Ұқсас жаңалықтар

«Түркістанда Шаға көлі құрылысы басталды»

admin

ТҮРКІСТАН: ҚҰҚЫҚБҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

admin

«Түркістандағы қауіпсіздік пен сенім: Құқық қорғау және арнайы органдар»

admin

Пікір жазу