Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында ел дамуының маңызды бағыты ретінде кадрлық әлеуетті арттыру мен еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселесіне кеңінен тоқталды. Президенттің айтуынша, экономиканы сапалы кадрлармен қамтамасыз ету – елдің тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігінің басты кепілі.
Мемлекет басшысы су, энергетика, құрылыс және басқа да стратегиялық салаларда байқалып отырған кадр тапшылығын жоюдың аса өзекті екенін атап өтті. Осы мақсатта Үкіметке жоғары және техникалық білім беру жүйесін еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестендіру тапсырылды.
Қазіргі таңда елімізде шетелдің 23 беделді жоғары оқу орны жұмыс істей бастады. Президент бұл үрдісті қолдап, оларға мемлекеттік тапсырыстар көлемін ұлғайту қажеттігін айтты. Сонымен қатар грант құны студенттерді сапалы оқытуға мүмкіндік беретіндей деңгейде болуы тиіс екенін ерекше атап өтті.
«Мемлекет қаржысын университеттің бәріне оңды-солды тарата беруге болмайды. Үздік оқу орындары нақты секторлармен тығыз байланыста болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұл бастама еліміздің өндірістік әлеуетін арттырумен қатар, еңбекқор және кәсіби маман болу идеясын қоғамда дәріптеу мақсатын көздейді.
Мемлекет басшысы атап өткендей, колледж түлектерін мемлекеттік қызметке тарту және техникалық білім беру жүйесін түбегейлі реформалау қажет.
«Біздің қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік жоғары бағалануға тиіс. Өз ісін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады», – деді Президент.
Сондай-ақ инженерлерге, геологтарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су саласы қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға құрметті атақтар беру мәселесі мемлекеттік марапаттар санатына енгізілетін болды. Бұл еңбек адамының абыройын арттырып, жас мамандарға жаңа серпін бермек.
Президент Жолдауда орта және жоғары білім беру жүйесінің сапасын арттыруға айрықша тоқталды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 жаңа мектеп пайдалануға берілмек. Сонымен қатар еліміздегі 1300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу тапсырылды.
Жеке меншік мектептерге мемлекет тарапынан берілетін қолдау мен бөлінетін қаржы ашық түрде көрсетілуі тиіс. Бұл қоғамның әлеуметтік бағдарламалар туралы ақпаратқа ашық қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Мұғалімдердің әлеуметтік мәртебесін көтеру мен біліктілігін арттыру жұмысы да жалғасады. Президент ұстаздарды «ұлттың зияткерлік қуатының қайнар көзі» деп атап, педагогикалық оқу орындарына ең қабілетті жастарды тарту қажеттігін айтты.
Бала тәрбиесі мен мектепке дейінгі білім беру ісінде мемлекетпен қатар ата-аналардың да жауапкершілігі зор. Осы орайда Президент мектепке дейінгі білім беру жүйесінде баланың отбасылық табысына қарай қаржыландыру тетігін енгізу қажеттігін ұсынды.
Бұл тәсіл білім беру жүйесін әділ және тиімді етіп, көмекке шын мұқтаж отбасыларды нақты қолдауға мүмкіндік береді.
Жолдауда белгіленген бастамалар – еліміздің экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының стратегиялық өзегі.
Кадрлық әлеуетті күшейту, еңбек адамына құрмет көрсету және білім беру сапасын арттыру – әділетті қоғам мен қуатты экономиканың басты тірегі.
Еңбек пен білімге негізделген даму саясаты – «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сай, жаңа Қазақстанның берік іргетасын қалайды.