Бұл жерде білім беру саласы айрықша рөл атқарады.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 217 мектептің 150-і қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр. Қалған мектептердің құрылысы алдағы үш ай ішінде аяқталуға тиіс.
Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді.
Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Алайда жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзіретін қалыптастыру әлдеқайда ерте жастан, яғни мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс.
Осыған орай бірқатар бастаманы жүзеге асырған жөн. Ең алдымен, мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект негіздері туралы бағдарлама және оқу материалдарын әзірлеу қажет.
Ұстаздардың жасанды интеллект технологиясын меңгеру дағдысын да қалыптастыру керек болады.
Қашықтан оқыту тәсілі және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеуіміз қажет. Мұндай платформа ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Елордада балаларды дамыту орталықтарын жеке қаражат тарту арқылы салу тәжірибесі бар. Көптеген кәсіпкер дәл осы мәселе бойынша көмек көрсетуге әзір екенін білдіріп жатыр. Әкімдер осындай жобаларды жүзеге асыруға кәсіпкерлерді белсенді түрде жұмылдыруы керек.
Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды.
Ғылым саласында әлі де мемлекеттің үлесі басым. Бірақ бюджет қаржысының қайтарымы әлі де шамалы болып тұр. Жаңа патенттер, технологиялар мен өндірістер сияқты көзге көрінетін нақты нәтиже жеткілікті емес. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына берген жөн.
Министрлік және Ғылым академиясы бірлесіп, ғылыми институттар мен жоғары оқу орындарын үйлестіру ісімен белсенді түрде айналысуы керек.
Жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын университеттерге көбірек дербестік беруге болады.
Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс.
Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн.
Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет.
Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі.
Елімізге кәсіби даярлығы жоғары, білікті жұмысшылар өте қажет, бұл – анық нәрсе. Сондықтан мен 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияладым. Қазір елімізде мыңдаған жұмыс орны бос тұр. Түрлі салада, тіпті, жалақысы едәуір жоғары жұмыс орындары бар. Бұл орындарды шетелден келіп жатқан адамдар толтыруда.
Жыл сайын мыңдаған инженер, құрылысшы және ауыл шаруашылығы маманы оқуын бітіріп шығады.
Оларға білім беру үшін мемлекет қомақты қаражат бөліп жатыр.
Алайда көбі мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Олар арнайы білімді қажет етпейтін, тез табыс әкелетін жұмыстарды таңдайды.
Әрине, жұмыстың жаманы жоқ, адал еңбектің бәрі – маңызды.
Бірақ бұл үрдіс жеке адамға да, бүкіл елге де үлкен пайда әкелмейді. Азаматтардың өндіріске барғаны абзал.
Экономиканың нақты саласында жұмыс істеуге ұмтылғаны жөн. Осыған мемлекет қажетті жағдай жасауы керек. Жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек. Оларға лайықты жалақы төлеу қажет. Бұл – мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттің бірі.
Еңбек нарығын, әсіресе көші-қон мәселесін реттеу саласында есепке алудың орталықтандырылған жүйесі жоқ. Бұл жағдай осы саладағы болжау жұмысының сапасына және шешімдердің тиімділігіне кесірін тигізеді.
Үкімет ел ішіндегі және шетелдегі көші-қон ағымының есебін жүргізетін бірыңғай цифрлық жүйе енгізуге тиіс.
Ішкі және сыртқы көші-қон үдерісінің бақылаусыз қалуы жұрттың бәрі тұрғысы келетін ірі қалаларымыздың инфрақұрылымына орасан салмақ түсіріп отыр.
Астана – соның айқын мысалы.
Соңғы үш жылдың өзінде елорда тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың тұрғынға көбейді. Биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкін.
Елордада халық саны ресми түрде 1,5 миллион адам болғанымен, оның инфрақұрылымы іс жүзінде күн сайын 1,9 миллион адамға қызмет көрсетеді.
Басқаша айтсақ, Астана 400 мыңнан астам адамға, яғни халық саны бойынша орташа қала саналатын тағы бір шаһардың тұрғындарына пара-пар жұртқа ешқандай жоба-жоспарсыз қызмет етіп жатыр.
Сондықтан қаланы сумен және жылумен қамтамасыз ететін жүйелердің үздіксіз жұмысына қауіп төніп тұр.
Астанада 2022 жылдан бері мұқтаж жандарға 7 мыңға жуық пәтер, соның ішінде көп балалы отбасыларға 1380, жетім балаларға 835, ерекше қажеттілігі бар адамдарға 665 пәтер берілді.
Кейбір облыс әкімдері корпоративті салықтан түскен қаражатты көше бойындағы тас тақтайшалар салу сияқты тиімсіз жобаларға шашудан әріге бармайды. Әрине, содан соң жұрт әлеуметтік қызметтері мен жеңілдіктері бар Астанаға қарай ағылады.
Мұндай ахуал күрделі мәселелер туындауына әкеп соқтырады. Қалада әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы жандардың саны бірнеше есе артқан, әлеуметтік қолдауға арналған шығындар да бюджет кірісінен жылдамырақ өсіп жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі тым артып барады.
Мектеп инфрақұрылымы қазірдің өзінде шамадан тыс жұмыс істеп, шатқаяқтап тұр. Жыл сайын 15 мектепке дейін салу қажеттігі туындап жатыр.
Емханалардың жүктемесі өте көп, онда орын тапшы.
Соның салдарынан әкімдік қаланың қарқынды дамуына жағдай жасаудың орнына әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Оның қала бюджетіндегі үлесі қазірдің өзінде 60 пайызға жеткен. Бұл ахуалды түзеу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет.
Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек.
«Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараған жөн.
Сонымен қатар аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіру керек.
Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді.
Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады.
Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту – елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз.
Кезінде біздегі «әлеуметтік саланың жанашырлары» толық емес отбасы деген жеңілдікке мұқтаж адамдар санатын ойлап тапқан еді.
Соның салдарынан, ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, біз бір кезде бұл көрсеткіш бойынша әлемде «көш бастаған» елдердің қатарына қосылдық. Мұндай мысалдар аз емес. Осылайша, біз өзіміз жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырмыз.
Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар?
Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді.
Елдегі демографиялық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды.
Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады.
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің базасында ауқымды деректер мен жасанды интеллект технологиялары енгізілген Демографиялық үдерістерді талдау және болжау орталығын құру керек.
Демография және еңбек нарығындағы үрдістер зейнетақы жүйесіне қатысты ұстанымдарды қайта қарауды қажет етеді.
Азаматтардың, әсіресе, өз-өзін жұмыспен қамтып отырған адамдардың зейнетақы жинағы аз екені байқалады.
Үкімет Ұлттық банкпен, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесе отырып зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, зейнетақы төлемдерінің ұзақ уақыт бойы теңгерімді және лайықты деңгейде болуын қамтамасыз ету шараларын ойластыруы керек.
Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мәселесі әлі де өзекті.
Осы ретте, «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру керек.
Былтырдың өзінде осы жоба аясында 845 мың адам сауатын жетілдіріп, заңгерлік кеңес алды.
Түпкі мақсат – халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету.
Мемлекет денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр.
Елімізде медицина нысандары біртіндеп жаңғыртылуда. Ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейін жаңартылып жатыр.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды.
Осы ретте бұған дейін түрлі аймақта бой көтерген көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық шырғалаңға салмай, пайдалануға беру қажет. Сондай-ақ мұндай жаңа нысандар салуды жалғастыра берген жөн. Бұл жұмысқа мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмдері аясында жеке инвестицияны да тарту керек. Сонда азаматтар Астанаға көше бермейді.
Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға баса мән берген жөн. Өзімізде жасалатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған, әсіресе, пандемия кезінде әбден көзіміз жетті.
Денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығына және медициналық қызметтерге мониторинг жүргізу ісінің тиімділігіне қатысты мәселелер бар.
Бюджет қаржысы шектеулі кезде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры іс жүзінде бюджетті реттеуші рөлін атқарып отыр. Қор дайын өнім жеткізетін кәсіпорындарға бақылауды күшейткеннің арқасында шығынды көбейтпей ұстап тұр.
Үкімет жасанды интеллект технологиясын қолданып, медициналық қызметтердің сапасына және көлеміне мониторинг жүргізетін жаңа жүйе қалыптастыруға тиіс.
Елімізде дәрігердің мәртебесін көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Бұл жұмыс өз жалғасын табады.
Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі.
Мен былтырғы Жолдауда бұған арнайы тоқталдым. Әрине, біраз шаруа жасалып жатыр. Соған қарамастан көлік апаттары азаймай тұр. Жыл басынан бері 22 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Шын мәнінде, көп нәрсе көлік жүргізушілерінің өзіне байланысты, себебі жол ережесін бұзатындар аз емес.
Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет.
Сондай-ақ электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді.
Бірақ қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр.
Қазір бұл саланы реттейтін заңға түзетулер әзірленді. Оны көп созбай қабылдау керек. Әрбір азаматтың, әрбір баланың өмірі қымбат. Бұл мәселеде ұсақ-түйек деген болмайды. Түптеп келгенде, мұның әрқайсысы – Қауіпсіз Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар.
Келесі мәселе. Бұл – жасанды интеллекті дәуіріндегі мәдениет пен өнердің дамуы. Осы салаға бұрынғыдай айрықша мән береміз, тиісті инфрақұрылымды саламыз және қажет болса жөндеуден өткізіп, қалпына келтіреміз.
Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдауды көрсетеміз. Бірақ олар жаңа заманның талабына бейімделіп жұмыс істеуі керек.
Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады.
Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Сондай-ақ кәсіби спорт саласында оң өзгерістер болып жатыр.
Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады.
Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек.
Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек.
Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін.
Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз.
Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн.