Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогі» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, сөз сөйледі.Президент сөзінің басында аталған жиынның мән-маңызы айрықша екенін, осыдан 30 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданғанын, бұл егемен еліміз үшін тарихи сәт болғанын айта келе, жиналған қауымды осынау мерекемен құттықтады.
– Ата заңнан биік ештеңе жоқ. Себебі Конституция – мемлекеттігіміздің мызғымас тұғыры, Тәуелсіздігіміздің айнымас темірқазығы. Қазақ – Ұлы дала заңына бас иген, ар-ұяттан аттамаған халық. Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы – нағыз дала заңының жарқын үлгілері. Осы дәстүр ешқашан үзілген емес. Жұртымыз дала заңынан қазіргі Ата заңына дейін тарихи жолдан өтті. Өткен ғасырдың басында қазақ зиялылары бұл іске елеулі үлес қосты. Кеңес заманында еліміздің құқықтық іргетасы қаланды, білікті заңгерлер шоғыры пайда болды. 1993 жылы егемен Қазақстанның алғашқы Ата заңы бекітілді, мемлекетіміздің конституциялық құрылымы айқындалды. Бірақ көп ұзамай жаңа тарихи ахуалға сай келетін жаңа Конституция қабылдау қажет болды. Осыған орай, арнайы кеңес құрылды, оған бір топ белгілі отандық заңгер мүше болып, белсенді жұмыс жүргізді. Шетелден шақырылған сарапшылар да осы маңызды іске атсалысты. Ата заңымыздың жобасын талқылауға миллиондаған азамат қатысты, мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Конституция туралы айтқанда, тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың табанды еңбегіне әділ баға беру қажет. Ол Конституция қабылданған кезде Мемлекет басшысы ретінде шешуші рөл атқарды. Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда Тәуелсіздік төлқұжаты, яғни, Конституция қабылданды. Еліміздің басты заңына «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы…» деген сөздер жазылды. Конституциямыз Тәуелсіздігімізді нығайтуға зор ықпалын тигізді, еліміздің одан әрі дамуына даңғыл жол ашты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент осы кезеңде Қазақстан дербес мемлекет ретінде әлем қауымдастығының белді мүшесі атанғанын, отыз жылда түрлі себепке байланысты Ата заңға 6 рет түзету енгізілгенін алға тартты.
– Ең басты конституциялық өзгеріс осыдан үш жыл бұрын жасалды деп айтсақ, орынды болар. Конституциялық реформаның арқасында еліміздің саяси-құқықтық жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болды. Сол кезде Конституцияға түзетулерді Парламент арқылы өткізу керек деген ұсыныс кеңінен айтылды. Бірақ күрделі болса да, басқа жолды таңдау жөнінде шешім қабылданды. Ел болашағына тікелей әсер ететін аса маңызды шешімдерді тек қана референдум арқылы қабылдау қажет деген ұстанымды міндетті түрде сақтау керек деп ұйғардым. Елімізде «Республикалық референдум туралы» заң ширек ғасыр бұрын қабылданды. Бірақ осы кезге дейін бірқатар себеппен бүкіл халық өзекті мәселелер бойынша дауыс бермеді. Ал азаматтарымыз ел тағдырына қатысты әр мәселеге өз ой-пікірін, көзқарасын ашық білдіргісі келді. Қоғамымызда дәл осындай сұраныс болды. Сондықтан референдум өткізу туралы бастамаға барша халық бірауыздан қолдау көрсетті. Жұртымыз Конституцияға енгізілген түзетулерді зор құлшыныспен жақтап, дауыс берді. «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституция бабы нақты жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздағы саяси үрдіске зор серпін берді. Енді еліміздегі барлық маңызды шешімдерді бір ел болып талқылап, бірге қабылдайтын болдық. Былтыр Атом электр стансасын салуға қатысты өткен референдум – соның айқын дәлелі, – деді Мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, 2022 жылы жүргізілген реформа Қазақстанның конституциялық құрылымы тарихындағы ең мазмұндысы еді. Мұндай реформаны қолға алуға сол кезеңдегі өте күрделі саяси жағдай себеп болды. Референдумда Ата заңға түзету енгізумен шектеліп қалмай, Конституцияның жаңа жобасын дауысқа салу туралы көптеген ұсыныс айтылды. Мұндай бастамалардың көтерілуі бекер емес еді. Заңнамалық тұрғыдан орынды әрі саяси жағынан биліктің беделін арттыратын айтарлықтай оңтайлы тәсіл болып көрінді.
– Алайда 1995 жылы қабылданған Конституцияны реформалаумен шектеліп, оның негізгі мән-мазмұнын сақтау жөнінде шешім қабылдадым. Осы арқылы Конституцияның басты ережелерінен айнымайтынымызды дәлелдедік. Сондай-ақ ел бірлігі, халықтың тыныш әрі берекелі өмірін қамтамасыз ету және ішкі саяси тұрақтылықты сақтау секілді мемлекетіміздің жоғары құндылықтарын берік ұстанатынымызды көрсеттік. Осы шешімнің арқасында бүгін Конституцияның 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз. Дегенмен жаңа саяси жағдайға, қоғамды жан-жақты жаңғырту міндеттеріне сай келмейтін Конституциядағы ережелер референдум арқылы жойылды. Сондықтан нақты реформаның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңартылды. Бұл – конституциялық реформа ауқымының айқын көрсеткіші. Көп жылдан бері қоғамның көкейінде жүрген Әділдік, Ашықтық, Есептілік, Жауапкершілік қағидаттары Ата заңда көрініс тапты. Азаматтардың Конституцияға сенімі нығая түсті. Референдум өткізудегі басты мақсат осы болатын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің саяси жүйесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты орныққанын атап өтті. Бұл билікте өзара тиімді байланыс пен тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Президенттің жеті жылға бір рет қана сайлануы ел тарихындағы аса маңызды саяси-құқықтық бетбұрыс деп айтуға толық негіз бар. Себебі мұндай жағдай Қазақстанда бұрын-соңды болған емес.
Осылайша, елімізде биліктің бірегей үлгісі пайда болды, яғни мемлекеттік басқару жүйесі жаңа қағидаға сай жұмыс істей бастады, сол арқылы мемлекеттегі саяси үдерістер әлдеқайда түсінікті, болжамды, айқын бола түсті. Нақты айтқанда, Президенттің жақын туыстарына билік жүйесінде лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды. Биліктегі отбасылыққа тосқауыл қойылды. Бұл да өте қажетті қадам болды. Халықтың осы шешімі – аса маңызды саяси-құқықтық жаңашылдық, әлемде баламасы жоқ конституциялық инновация.
– 2019 жылдан бері біз кезең-кезеңімен бірнеше саяси реформа жүргізіп, саяси жүйені дәйекті түрде жаңғырттық. Осы залда отырған азаматтардың көбі сол үлкен өзгерістердің бел ортасында жүрді. Ашығын айтқанда, біз біршама кедергіге тап болдық. Саяси ортаның белгілі бір бөлігі қоғамды жаңғыртуды көздейтін бастамаларымызға күмәнмен қарады, тіпті қабылдай алмады. Бүгінде біз таңдаған стратегиялық бағыттың дұрыс екеніне көзіміз жетті. Бұл елімізді өркениетті қоғам құру жолына бастайды. 2022 жылы өткен референдум ұлтымызды бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйыстырып, мемлекет алдындағы стратегиялық міндеттердің төңірегіне топтастарды. Азаматтарымыздың жаңа саяси бағдарды бірауыздан қолдауы алға ілгерілеуден басқа жол жоқ екенін айқын көрсетті. Тарихи өлшем тұрғысынан өте қысқа уақыт ішінде қоғам саяси кемелдік пен азаматтық жауапкершілікті күшейтетін іргелі өзгерістерді бастан өткерді. Әділетті Қазақстанды құру үдерісін енді ешкім тоқтата алмайды. Өткенге оралуға, ең алдымен, еліміздің жастары жол бермейді. Білімді жас ұрпақ келешекке көз тігеді. Олар Қазақстанды жаңа заманның талабына сай келетін өркениетті мемлекет ретінде көргісі келеді, – деді Мемлекет басшысы.
Түптеп келгенде, конституциялық реформа саяси жаңғыру үдерісіне зор серпін берді. Парламенттің рөлі артты, Үкіметтің жауапкершілігі күшейді. Орталық және жергілікті атқарушы биліктің құзыреті қайта бөлінді. Жаңа талапқа сәйкес Президент, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Өкілді билікке әртүрлі көзқарастағы саяси күштер мен азаматтар келді. Түрлі саяси партиялар Парламенттен орын алды. Аралас сайлау жүйесі тәуелсіз үміткерлерге жол ашты. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен сайланды. Төрт жылдың ішінде барлық ауыл әкімдері жаңа ережеге сәйкес сайланды. Олардың көбі – бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар. Осылайша, билікке жаңа буын өкілдері келіп жатыр. Биылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды. Бұл – Орталық Азия аймағында бұрын-соңды болмаған тәжірибе. Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы орныға түсті. Азаматтарымыз ел өміріне қажетті шешімдерді қабылдау үдерісіне белсене қатысатын болды. Әсіресе реформаларды жүзеге асыру ісінде билік пен қоғамның мүддесі бір екені анық байқалды. Елдегі өзгерістер, ең алдымен, халықтың игілігі, ұрпақтың болашағы үшін жасалып жатыр.
