Қазіргі таңда Қазақстан жаңа экономикалық және цифрлық дәуірге қадам басуда. Ел Президенті өз Жолдауында атап өткендей, экономиканы жан-жақты цифрлық жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға, яғни білімді, білікті әрі еңбекқор ұлт қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бұл орайда еңбек адамының қоғамдағы рөлі айрықша маңызға ие.
Жасанды интеллект, цифрландыру, жоғары технологиялар еңбек нарығының келбетін түбегейлі өзгертуде. Осыған байланысты елімізде Al-Sana бағдарламасы іске қосылып, 100 мыңға жуық студент жоғары технологиялық жобаларға тартылуда. Алайда Президент атап өткендей, мұндай құзіреттілікті қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталуы қажет. Сондықтан «Келешек мектептері» мен «Qazaq Digital Mektebi» сияқты жобалар осы бағытта маңызды қадам болып отыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2025 жылды – «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл шешім – елімізде білікті жұмысшы кадрларға деген сұраныстың артып отырғанының айғағы. Қазіргі таңда елімізде мыңдаған инженер, құрылысшы, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандар қажет. Бірақ, өкінішке қарай, көптеген түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс істемей, жеңіл табыс көзін іздеуге бет бұрып жатады. Бұл үрдіс ел дамуына да, жеке тұлғаның әлеуетіне де кері әсерін тигізеді.
Еңбек адамы – ұлттық экономиканың арқауы. Сондықтан мемлекет жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер беру бағытында нақты шаралар қабылдап келеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру, өндірістік тәжірибе мен дуальді оқыту жүйесін дамыту өзекті мәселе болып отыр.
Мемлекетіміздің алдағы дамуы сапалы адами капиталға, яғни өз ісінің шеберлеріне тікелей байланысты. Инженерлер, дәнекерлеушілер, құрылысшылар, энергетиктер, механизаторлар – елдің экономикалық қуатын арттыратын негізгі күш.
Сондықтан еңбек адамына құрмет көрсету – ел болашағына құрмет көрсету деген сөз. Әрбір жас өз мамандығын мақтан тұтып, адал еңбегі арқылы қоғам игілігіне үлес қосуға ұмтылуы керек.
Президенттің «Жұмысшы мамандықтары жылы» бастамасы – елімізде еңбек мәдениетін жаңғыртуға, кәсіби шеберлікті насихаттауға және өндіріс саласын өркендетуге жол ашатын маңызды қадам.
Еңбек адамын ұлықтау – елдің еңсесін тіктеу, экономикалық тәуелсіздіктің берік іргесін қалау.
Ендеше, еңбек еткен ердің – елге сыйлы болары сөзсіз.